КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ: НАМАЗАЛЫ ОМАШЕВПЕН…

0 45

Өткен аптаның бейсенбісі күні, Ойтал ауылындағы №12 мектепте, «Жомарт түлек»  жобасы аясында, жерлесіміз, белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Намазалы Омашевпен танымдық  кездесу кеші  болып өтті (суретте).

Өмір ағымымен, қызмет бабымен туған жеріңнен қанша жырақтасаң да, сол сен туған жер, шаңы бұрқыраған шағын ғана ауыл, сол ауылдың әрбір сай-саласы,  домалаған тасы мен жайқалған майсасы, ұшқан құсы мен жүгірген аңына дейін жүрегіңнің бір түкпірінде «мен мұндалап» өзіне қарай тартып, шақырады да тұрады. «Туған жердің ауасы да шипа»  дегендей, балалық шағыңда аунап-қунаған туған жердің жуасына дейін тәтті, топырағына дейін мамықтай жұмсақ-ау, сірә. Күйбең тірліктен жалығып, жаныңа тыныштық іздегенде жабырқаған жаныңа шипа болар жұмақтай мекен – балғын балалық шақтың куәсі болған Туған жерің ғой, шіркін!

Оймақтай ғана Ойтал ауылы да Намазалы аға үшін дәл солай – шөліркеген көңіліне сусын болар, сағынып келіп мауқын басар өз үйі – өлең төсегі.

Әрине, Намазалы аға туған жеріне жиі оралады. Бірақ, бұл жолы оралуының жөні бөлек. Өйткені, өзі туып-өскен ауылының түлектерімен кездеспек. Олармен тілдесіп, пікірлеспек. Қазіргі замандағы бүкіл адамзаттың бәсекесіне айналған білім саласы туралы дәріс оқып, өзінің тәжірибесімен бөліспек. Өмірі ұстаздық етіп, жоғарғы оқу орындарында шәкірт тәрбиелеп үйреніп қалған ғалымға өзі туып-өскен ауыл жастарына да дәріс оқудың сәті түскендіктен болар, оның жүзінен ерекше қуаныш, балаша марқаю байқалады.

Міне, жан-жары Клара Хамзақызымен бірге мектеп ауласына енген Намазалы аға, алдымен, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған ескерткішке барып тағзым етті. Онда осы ауылдан соғысқа аттанып, Отан үшін Жеңіс жолында жанын қиған асыл ерлердің есімдері жазылған. Солар жайлы өзі білетін біраз жайттармен бөліскен ғалым ағамыз бірқатар ақпараттарды да келтіріп өтті.

Сонымен, жоғары сыныптың оқушылары мектеп дәлізіне жиналыпты. Кештің жүргізушісі көпшілікті қонақтармен таныстырған соң, Намазалы Омашевтың өмірі мен еңбек жолына шолу жасады. Әрине, Намазалы Омашевтың қандай ғалым екенін, оның журналистика, білім-ғылым саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін біз білгенімізбен, өскелең жас ұрпақ білмеуі мүмкін.  Сондықтан, осы орайда, оның барлық жетістігін тізіп айтпасақ та, жалпылама атап өткеніміз абзал болар. Өйткені, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Туған жерге тағзым», «Жомарт түлек» жобаларының аясында өткізіліп жатқан осынау кездесудің негізгі себептерінің бірі де осы. Аядай ауылдан шығып, елдің өркендеуіне, оның ішінде, білім-ғылым саласына саналы ғұмырын арнаған Намазалы Омашевтай жандарды өскелең ұрпаққа насихаттаудың тәрбиелік мәні зор.

Намазалы Омашев 3 оқулықтың, 13 монографияның, 9 ғылыми-публицистикалық еңбектер мен очерктер жинағының, 9 оқу құралдарының және 300-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Журналистер сыйлығының екі мәрте лауреаты атанған. Оның еңбектері 20-дан астам республикалық және халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларда сыннан өткен. Оның еңбектері қазақстандық ғылыми ортада ғана емес, алыс-жақын шетелдерде өзінің жоғары бағасын алған. Мысалы, 2001 жылы Кембридж университетінің «Өмірбаян» орталығының ұйғаруымен, Н.Омашевқа халықаралық ауқымды еңбектері үшін «Жыл адамы» атағының берілуі соның дәлелі деуге болады.

Сонымен, оқушылар алдында сөз алған Намазалы Омашев қазіргі таңда білімнің әлемдік деңгейде алатын орны, ғылым-білімге ғана жүгінген елдің әлемдік бәсекеде оза шабатыны, оны қазіргі уақыттағы заман талабы мен әлем бойынша орын алып жатқан түрлі оқиғалар көрсетіп жатқанын нақты дәлелдермен түсіндіріп берді. Сондай-ақ, биыл мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған мектеп оқушыларына сәттілік тіледі.

Кеш барысында, аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев, мектеп директоры Ілияс Әлімхожин, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ринат Жантаев, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Құралбаевтар сөз алып, Намазалы Омашевқа осынау әсерлі де мәнді, сүбелі сұхбат құрылған танымдық кеш үшін алғыстарын жеткізіп, өздерінің ризашылықтарын білдірді.