Ер — елдің тұтқасы
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының ұйымдастыруымен Ұлттық Ұланның 5513 әскери бөлімінде “Ер — елдің тұтқасы” тақырыбында ардагерлер мен сарбаздардың кездесуі өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Іс-шараның негізгі мақсаты — Отбасы құндылықтарын сақтау, әкелердің бала тәрбиесіндегі орнын айшықтау, әкенің отбасындағы беделін арттыру және оның бала тәрбиелеудегі ықпалын жастарға ұғындыру.
Кездесуге Жамбыл облысы Ардагерлер кеңесінің мәдениет және жастар ісі жөніндегі құраманың төрағасы Мұхамед Байшонов, төраға орынбасары Исмайл Хаджимуратов, Айрықша тәуекелді солдаттар қоғамдық бірлестігінің саяси бөлімінің бастығы Сейтхан Қуантаев қатысып, сөз сөйледі.
Әкенің балалар тәрбиесіндегі ықпалын,өмір жолындағы мақсат пен міндеттер, өзінің тәрбиелеп өсірген төрт ұлының еңбек жолы жайлы М.Байшонов айшықты әңгімелерін айтты. Бұдан әрі сөз алған Исмайл Хаджимуратов: Аталарымыз ұлт тәрбиесін екі ауыз «Ұят болады,обал болады», — деген сөздермен тәрбиелегенін жеткізді.
90-жылдары аумалы уақытта әкелер мәртебесі төмендеп кетті, басты себеп жұмыс болмады, үйдің ауыртпашылығын аналар көтеріп, қап-қоржынын асынып саудаға шықты, балаларын асырады, осы кезеңде көптеген әкелер тоқырауға ұшырады, үйде отырып қалды. Осы кемшіліктер әлі толық жойылмауда, отбасындағы арақ-шарап көптеген шаңырақты шайқалтуда, бала тәрбиесіне кесірін тигізуде, оның түзелу жолдарын қарастыру қажет, — деді өз сөзінде Сейтхан Қуантаев. Әкелердің отбасында ерекше тұлға болуына аналардың үлесі басым болуға тиісті, әке балалары үшін маяк шамшырағы болуға тиістігін жеткізіп, сарбаздарды жақсы азамат болуға шақырды.
Сондай-ақ еркін форматта өткен кездесу барысында сарбаздар өздерінің Әке жайлы жазған шығармаларын оқып, ойларын ортаға салды.
Кездесу соңында Ардагерлер мен сарбаздарды 5513-әскери бөлімінің командирі Ғ.Кәдірбек
Алғысхатпен марапаттады.