Елордада жалған түбіртекпен базардан тауар алып жүрген күдікті қолға түсті

0 12

Астанада жалған төлем түбіртегін көрсетіп, базардағы сатушыларды алдап жүрген 34 жастағы тұрғынның заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті сауда орындарын әдейі аралап, өзін қарапайым сатып алушы ретінде таныстырған. Көкөніс пен жеміс-жидек таңдаған соң, ақшаны мобильді қосымша арқылы аударғандай кейіп танытып, қолдан жасалған төлем түбіртегін көрсеткен. Ақша шотқа түсті деп сенген сатушылар тауарды күдіктіге өз қолдарымен берген.

Бұл – оның алғашқы алаяқтығы емес. Күдікті бұған дейін де дәл осындай айламен бірнеше саудагерді алдағаны анықталды. Қазіргі уақытта оның өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Полиция саудагерлер мен кәсіпкерлерге төлемнің нақты банк шотына түскеніне көз жеткізбейінше, тауарды сатып алушыға бермеуге кеңес береді.