Еліміздің 14 өңірінде қауіпті ауа райына байланысты ескерту жасалды
«Қазгидромет» 20 шілдеге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Синоптиктердің мәліметінше, дүйсенбі күні елдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Батыс, солтүстік-батыс және солтүстік өңірлерде нөсер жаңбыр жауып, бұршақ түсіп, екпінді жел соғады.
Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарда жауын-шашынсыз, аптап ыстық ауа райы сақталады.
Республика бойынша желдің күшеюі күтіледі. Оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл соғуы мүмкін. Түнгі және таңғы уақытта солтүстік-батыс пен солтүстік облыстарда тұман түседі.
Күндіз Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Алматы облысының шығысында және Жетісу облысының шығыс және таулы аудандарында ауа температурасы +35…+38°C-қа дейін көтеріледі.
Маңғыстау облысының оңтүстігінде аптап ыстық +38…+40°C, ал Түркістан облысында +40…+44°C болады.