Елімізде антибиотиктерді рецептісіз сатуға бақылау күшейтіледі
Қазақстанда антибиотиктерді рецептісіз сатуға қатысты талаптар күшейді. Денсаулық сақтау министрлігі дәрігердің тағайындауынсыз антибиотиктердің сатылуын, соның ішінде онлайн-сервистер мен цифрлық платформалар арқылы таралуын қатаң бақылауға алуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Ведомствоның мәліметінше, бактерияға қарсы препараттарды бақылаусыз пайдалану микроорганизмдердің дәріге төзімділігін арттырып келеді. Қазіргі таңда антимикробтық резистенттілік денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті мәселелердің біріне айналған.
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басшысы Эрик Байжүнісов бұл мәселенің медициналық шеңберден шығып, ұлттық денсаулық қауіпсіздігіне әсер ететін факторға айналғанын айтты.
Министрліктің дерегіне сәйкес, елде микробтарға қарсы препараттарға төзімділікпен күрес жөніндегі 2027 жылға дейінгі жол картасы іске асырылып жатқанымен, өздігінен емделу және антибиотиктерді заңсыз сату мәселесі әлі де өзекті болып отыр.
Мамандардың айтуынша, көптеген азаматтар антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз сатып алады. Бұл инфекцияларға қарсы қолданылатын дәрілердің тиімділігін төмендетіп, антибиотикке төзімділіктің күшеюіне себеп болады.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың тапсырмасымен антибиотиктерді рецептісіз босатуға бақылау күшейтіліп, дәрілерді таңбалау жүйесі кеңінен енгізіледі. Сонымен қатар төзімділік қаупі төмен препараттарды тіркеуге басымдық беріледі.