Елдің барлық мектебінде бірыңғай сынып сағаты өтеді

0 432

Қазақстанда 2023-2024 оқу жылын 3,8 миллионнан астам оқушы аяқтайды, оның 186 мыңы — мектеп түлектері, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Биылғы оқу жылының ұзақтығы 34 аптаны құрайды, оқу 25 мамырда аяқталады.

«Су тасқыны жағдайына және 25 мамырдың демалыс күніне сәйкес келуіне байланысты 24 мамыр күні барлық мектепте 2023-2024 оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаты ұйымдастырылады. Онда сынып жетекшілері оқушылармен бірге өткен оқу жылын қорытындылайды. Су тасқыны болған өңірлердегі сабақ қашықтан ұйымдастырылған балалар үшін сынып сағаттары онлайн форматта өтеді», деді Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті директорының орынбасары Қарлығаш Құрманбекова.

11 (12) сынып түлектеріне аттестат тапсыру және ерекше үлгідегі «Алтын белгімен» марапаттау 19-22 маусым аралығында мектептердегі барлық емтихан аяқталғаннан кейін өтеді.

Айта кетейік, 9-11 сынып түлектерінің қауіпсіздігін және емтихандарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету мақсатында ақша жинауға, салтанатты іс-шаралар, банкеттер ұйымдастыруға және автомобильдермен шығуға тыйым салынады.