«eGov mobile» қосымшасын пайдаланып үлгердіңіз бе?…
Халыққа қызмет көрсету орталығының көмегіне күндігіне жүздеген адам жүгінеді. Сансыз кезектер, сырғып жатқан сағаттар — мұның барлығы бір ғана анықтаманы алуға кеткен уақыт өлшемі. Енді бұл мәселе өз шешімін тапты.
«eGov mobile» жаңа мобильді қосымшасы арқылы қыруар қағазды әп-сәтте қолға түсіре аласыз. Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері «eGov mobile» жүйесін насихаттау, оның қолданушыларының санын арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастыру үстінде. Дәлірек айтсақ «Халықты цифрлық сауаттылыққа оқыту бөліміндегі екі жауапты маман жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерін цифрлық сауаттылыққа оқытуды қамтамасыз етуде. Мұндағы мақсат — Елбасының «Цифрлы Қазақстан» жобасын насихаттау және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру.
Бүгінгі таңда тізілімнің жаңа редакциясында 690 мемлекеттік қызмет бар (бұрын – 687), оның ішінде: Мемлекеттік корпорация арқылы 662 (95,9%) мемлекеттік қызмет түрі алынса, «Электрондық үкімет» порталы арқылы 645 қызмет (93,4%), TelegramBot-тан, «eGov mobile» ұялы телефон қосымшасынан қажетті қызмет түрін алуға болады.
Сала мамандарының айтуынша, алдағы уақытта барлық мемлекеттік қызметтер электрондық үкіметке көшуі мүмкін. Сондықтан осы бастан жүйені дұрыс пайдаланып, тиімділігін өз пайдаларыңызға жарата білген абзал.
Қазіргі кезде аудан бойынша «eGov mobile» жаңа мобильді қосымшасына тіркелген адамдардың саны артып келеді. Мобильді үкіметке тіркелу қиындық тудырмайды. Қосымшаны ЭЦҚ-мен немесе бір реттік пароль арқылы авторизациялау арқылы кәдеңізге жаратуға мүмкіндік бар. «eGov mobile» электрондық үкіметтің мобильді қосымшасы Play Market, AppStore-дан жүктеу қолжетімді.
Мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырмай-ақ қажетті құжатыңызды алуға болатын «eGov mobile»-нің пайдасы көл-көсір.
Г.ЕЛШІБАЕВА,
Халыққа қызмет көрсету Жуалы аудандық бөлімінің маманы.
Жамбыл облысы.