Димаш Құдайберген Құлсары тұрғындарына қолдау білдірді

0 147

Димаш Құдайберген Құлсары қаласына келіп, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Танымал әнші су тасқынынан зардап шеккен Құлсары тұрғындарына қолдау білдірді.

«Қиын-қыстау күндерде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, осылай бір-бірімізге көмек көрсетіп жүруге жазсын. Ең бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қазіргі таңда бізге бірлік керек. Сабыр сақтау керек. Құдайдан үлкен үмітпен жақсылық тілейік», — деді Димаш.

Әншінің қиындыққа тап болған жұрттың ортасына келіп, жанашырлық танытып жатқанына құлсарылықтар риза болып, алғысын айтты.

«Өзіңіз келіп, көрініп, қолдау білдіріп жатқаныңызға көп-көп рақмет», — деді ауыл тұрғындарының бірі.

Сондай-ақ Димаш Құдайберген: «Мемлекет тарапынан жағдай жасалады деп жаңалықтардан оқып жатырмын, мен де Президентіміз айтқан соң сіздермен бірге осыған сеніп отырмын. Бүгінгі күні осы жерге келуімізге осындай жағдай себеп болса, алдағы уақытта тек қуаныш себептерге келіп, қуанышты ұлғайта берейік», — деп, көпшілікті ертеңге үмітпен қарауға шақырды.

Табиғи апатпен тынбай күресіп жатқан сарбаздар және еріктілермен де жүздесіп, жұмыс барысымен танысты. Одан бөлек, бесінші ауданның ақ жаулықты аналары әзірлеген айттық дастарқаннан дәм татты.