БІЗДІҢ ӘУКЕ

0 42

90-жылдардың басы болатын. Тараздағы педагогикалық институтта жұмыс істеп жүрген кезім. Бірде мені “Бастауыш сынып мұғалімі” мамандығы бойынша мемлекеттік комиссияның төрағасы ретінде Абай атындағы педагогикалық училищеге жіберді. Комиссия құрамында сол училищеде жұмыс істейтін Қаршыға Стамқұлов, Мәриям Балқыбекова, Асылбек Жанғарин, Серік Қалмағамбетов сияқты беделді оқытушылар болды. Байқағанымдай, ұжымдастар бір-бірін аты-жөнімен ресми атайды екен. Тек комиссия құрамындағы орта бойлы, сөзге сараңдау көрінген сырбаз жанды ғана бәрі “Әуке” деп құрметтеп жатты. Қапелімде толық аты-жөнін білмегендіктен, тізімдеме құжаттан ол туралы мәліметті таба алмадым. Не де болса әліптің артын бағайын, деп соңына дейін сыр білдірмедім.

Ұжымдағы беделі зор тұлғаның жан-жақты қыры сәт сайын гауһардай жарқырай бастады. Ол сөзден гөрі іс барысында таныла бастады. Таныған сайын таң-тамаша қалдыра берді. Сөйлеген сөзі жайдақ атқа мінгендей ойқы-шойқы емес, ерттеулі жылқының аяқ алысындай салмақты да сырдаң, студенттерді емтиханға дайындауы тап бір тұлпарды аламанға баптағандай-ақ. Ал емтихан процесін қадағалап, кәсіби бағасын беруде талант пен талапшылды тап басып тани білуі бір жағы, сұңғылалығын, бір жағы, білікті маманның нақ өзі екенін анадайдан аңғартып тұрды. Сол күні мен училищеден беделді оқытушы, еңбек өтілі бай педагог, білім беру саласының құрметті қызметкері Әуесбай Бақбергенұлы сынды мықты маманды танып қайттым.

1996 жылы мен талай талапты шәкіртті түлетіп ұшырған осы қарашаңыраққа басшылыққа келдім. Әуесбай Бақбергенұлының ұжымға өте сыйлы, студенттер арасында үлкен құрметке ие маман екеніне кейін де талай мәрте көз жеткіздім. Білім алушылар емтихандарда сұраққа жауап бере алмай қиналған кезде бір ауыз сөзбен демеп жіберетін. Жастарға қандай кеңес керегін тап басып сезе білетін сезімталдығына таңғалатынмын. Әзілге сүйеп, қағытып қалса да, зілсіз айтатын. Білмегенін бетіне басып, еңсесін түсірмейтін. Жай ғана «айналайын» дей отырып, үнсіз ұялтып, білуге, ізденуге жетелеп жібереді. «Айналайын, егер сен осы тақырыпты айта алмасаң да, бұл композитор қай әнді жазғанын айтып жібер немесе сол жазған әннің бір шумағын айта қой», — дейді. Мұндай жағдайларда, әдетте, студенттер тез жауап тауып, әннен бір шумақ айтып, қысылтаяң сәттен сәтті шығып кететін. Әрине музыка кафедрасына оқуға түскен жастар, әдетте, барлық тақырыпты кең қамтып білмесе де, одан кем дегенде үзінді білетіні анық.

Студенттің салған әнін естігенде Әуке өзі де шабыттанып, қосыла шалқи шырқап кететін. Ұстазының бірге ән салғанынан арқаланған жастардың бойында өзіне деген сенімділігі арта түседі. Ән әлеміне деген қыран-ұстаздың құштарлығын көргенде сарыауыз балапан-студенттердің де көңілі құстай ұшып, құмыққан көмейі ашылып, дауыстары әуелеп кететін. Әдетте емтихандар жүйкені сымдай құрсаулайтын ауыр сынақ сияқты көрінсе, емтихан алушы жаналғыш әзірейілден кем түспейді емес пе?! Әуесбай Бақбергенұлының өткізген емтиханынан кейін осы қалыптасқан қасаң қағиданың қабырғасы біржола сөгілгендей болды. “Білім сынағын студенттердің сағын сындырмай, керісінше жігеріне от қойып өткізуге болады екен-ау” деген ойда қалдым. Әріптестерінің неліктен “Әуке” деп құрақ ұшып тұратынын, неліктен оған деген үлкен-кішінің құрметі жоғары екенін сонда барып ұғындық.

Бір жылдан кейін осы оқу орны колледж мәртебесін алды. Яғни Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі атанды. Бұл уақытта менің кіл мықты мамандар, соның ішінде елге сыйлы, жұртқа мінезімен, білімімен жаққан Әуесбай Бақбергенұлы қызмет атқаратын оқу орнына басшылыққа келгеніме бір жыл болған еді. Осылайша білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негіздерін басшылыққа ала отырып, оқу орнының алдында тұрған стратегиялық мақсат пен міндеті айқындадық, Әуесбай Бақбергенұлы бастаған тәжірибелі, шығармашыл оқытушылардан құралған сайдың тасындай команда жасақтадық. Сөйтіп ұжымды жұмылған жұдырықтай біріктіріп, бар күш-жігерімізді бір арнаға жұмсап, музыкалық білім берудің жаңа мамандығын аштық.

Әуесбай Бақбергенұлы колледжде «Балауса» вокалдық тобын құрды. Таспадай тізілген талай талантты жастардың жұлдызын жақты. Шығармашылық ұжымның келбетін көпке жарқыратты. Өнерлі топ бірнеше дүркін беделді қалалық, облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, мейманамызды өсіріп, мерейімізді асырды. Сондай-ақ колледжде Әуесбай Бақбергенұлының басшылығымен ұлттық-этнографиялық ансамбль құрылды. Ансамбльдің репертуарын да Әуке өзі қалыптастырды.

Ансамбль де, вокалдық топ та республикалық деңгейдегі конкурстардың бірнеше мәрте лауреаты болды. Жамбыл облысының мәдени күндері аясында елордамыздағы Конгресс-холда гуманитарлық колледж атынан да концерттер өткізгенін мақтанышпен атап өтуге болады. Шын талант, шебер ұйымдастырушы біздің Әуке әрдайым осындай мәдени-көпшілік іс-шараларға жетекшілік етті. Оның дауыс тембрі де өзгеше-тұғын. Ал өзі әзірлеп, көпшілік назарына ұсынатын концерттік бағдарламалары ерекше шығады. Ол үнемі мойнына көбелек пішінді галстук тағып, қара фрак киетін. Бұл да оның жүргізу мәнерінің бекзаттығынан хабар бергендей еді. Ол қай іске де асқан жауапкершілікпен қарап, тыңғылықты дайындалады.

Бүгінде өнерпаздар арасында жып-жылы ілтипатпен «біздің Әуке» атанып кеткен қадірменді әріптесіміз мерейлі жетпістің биігіне шығып отыр. Осы мерейлі жасына ол үлкен абыроймен жетті. Жетпістің белесіне музыкалық білім беру ісінің корифейі үлкен өмірлік тәжірибесімен, бай кәсіби қазынамен келді. Оның өнер және білім саласындағы көп қырлы қызметі мемлекет тарапынан тиісті дәрежесінде бағаланды да. Оның айқын дәлелі – екі бірдей министрліктен үздіктер төсбелгілерін алуы. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының мүшесі боп сайланды.

Әуесбай Бақбергенұлының біздің колледжбен отбасылық байланысы да берік болды. Соның бір айғағы, сонау 1997 жылы жаңа оқу жылында үлкен ұлы Қанатты оқуға жетелеп әкелді. Әлбетте музыка мектебін бітірген Қанатқа «баян» сыныбы бойынша халық аспаптар бөліміне оқуға түсу аса қиынға соққан жоқ. Әйтсе де әке көңілі ұлының өз ізін басып, музыкант болғанын көксесе, өз мені бар, арманшыл жастың мақсаты өзге еді. Оның журналист болсам деген тілегі музыкаға деген құштарлығын жеңіп кетті. Сөйтіп жүріп бір жылдан кейін ол колледжден кетіп қалды. Десе де өнерлі отбасынан түлеп ұшқан жас өрен өнерден алшақтап кетпеді. Бала кезінен көкейде жүрген асқақ тілеуі қиянға салса да, қанатын талдырмады. Оның қаламы да, талапшыл мінезі сияқты турашыл-тұғын. Қоғамның қалтарыс-бұлтарысындағы түйткілді мәселелерді аршып жазып, тауып айта жүріп, Әуесбайдың Қанаты деп алашқа атой салған белгілі журналистке айналды.

Бүгінде ғасырлық тарихы бар Абай атындағы гуманитарлық колледжге біз қазір де жиі атбасын бұрамыз. Жанымызға жақын, жүрегімізге ыстық оқу ордасында өткен қымбат жылдарымызды әрқашан жып-жылы естеліктермен еске аламыз. Колледж директоры Айдархан Дүкенбайұлы бізді ұмытпай, әрқашан түрлі іс-шараға шақырады. Бұл үшін біз оған өте ризамыз. Мұндай кездесулерде Әукеңмен жылы жүздесіп, жастар тәрбиесі, білім беру ісінің кешегісі мен келешегі туралы ойдың тиегін ағытамыз. Оның 70 жастың белесіне көтерілген сәтте де әрдайым көтеріңкі көңіл-күйде жүретіні, сондай-ақ бәз-баяғыша уытты әзілді тұздық ете отырып, жайма-шуақ, шат-шадыман әңгіме-дүкен құратыны көңілді серпіп, күйбең тірліктің шаңын қағып тастайтындай! Адамдығымен, әрі мамандығына адалдығымен көзге түскен Әуесбай Бақбергенұлы бүгінгінің үдесінде де сол биігінен бір саты да түскен жоқ, жыл өткен сайын кемерінен асып, кемеліне келді. Көптің құрметіне бөленген, шәкірт ықыласына кенелген біздің Әуке осындай!

 

Сәуле АДАМБЕКҚЫЗЫ,

Тараз қаласының құрметті азаматы.