Биыл елордаға қосымша 300 автобус сатып алынады

0 57

Биыл елордаға қосымша 300 автобус сатып алынады. Бұл туралы бүгін Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы талқыланған Үкімет отырысында елорда әкімі Жеңіс Қасымбек айтты, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі “KAZINFORM” сайтына сілтеме жасап.

Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов қала басшысынан: «Қоғамдық көлік проблемалары бар. Қазір іргелес елді мекендерден адамдар ары-бері көп жүреді. Жоспарда жергілікті халықтың белсенді өсімі ескерілді ме?» деп сұраған еді.

Сауалға жауап берген Жеңіс Қасымбектің айтуынша, «Астана қаласының маңына қызмет көрсететін маршруттық желі мен қоғамдық көлік саны үнемі өзгеріп, артып келеді.

Сонымен қатар, осы жылдың қаңтар айында қабылданған жаңа бас жоспарды әзірлеу кезінде елорда халық санының өсуімен қатар, агломерацияға тиісті елді мекендердің тұрғындарының көбеюі де ескерілді.

Жыл сайын елорда халқы 50-60 мың адамға көбейеді. Сонымен қатар, күн сайын қалаға облыстың 200 мыңға жуық тұрғыны және 30 мыңнан астам автомобиль кіреді.

«Көші-қон ағындарын реттеу үшін және жол желісіне жүктемені азайту үшін, бас жоспарда елордаға барлық радиалды кіреберістерде көлік-реттеу пункттарын орналастыру көзделген. Қазіргі уақытта елорданың қала маңындағы аймақтарына 26 маршрут қызмет көрсетеді. Өткен жылы қалада қосымша 400 автобус жұмыс істей бастады. Жалпы, былтыр күн сайын қалаға 900 автобус шықса, қазір 1 300 автобус шығады., Биыл тағы 300 автобусқа толықтырылады деп күтілуде. 15-20 жаңа маршрут ашылады. Оның 25 пайызы — агломерацияға баратын көлік дәліздері. Бұл бізге қала маңындағы маршруттардың санын көбейтіп, елді мекендер ішіндегі маршруттарды ұзартуға және агломерация тұрғындарының жүріс-тұрысын тездетуге етуге мүмкіндік береді», — деді елорда әкімі.