БІЛІМДІ МАМАН-ЕЛ БОЛАШАҒЫ
Дамыған мемлекеттердің қатарына қосылу үшін алдымен кәсіби деңгейді көтеру шарт. Ал оның негізін заман талабына сай көзқарасы қалыптасқан, білімі мен біліктілігі сәйкес мамандар қалайды. Сондықтан, бұл бағытта жастарға сапалы білім беру маңызды іс. Өйткені, бүгінгі жас-ертеңгі ел болашағы.
Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу туралы мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан жиі қозғалып келеді. Ел Президентінің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар-ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы Жолдауында да білім беру саласы басым бағыттардың бірі ретінде атап көрсетті.
-Біз «Тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Бүгінгі таңда NEET санатындағы 237 мың жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді.
Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы-тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек,-деді Мемлекет басшысы.
Қозғалған мәселе өзекті. Тұрмыс жағдайы көтермегендіктен кейбір отбасыларының балалары тиісті деңгейде оқуларын жалғастыра алмай, орта жолдан тастап кетіп жатады. Олардың болашағы қалай болмақ? Қоғамдағы орнын қалай табады? Бұл тек ата-аналарға ғана емес, барлығымызға ортақ түйткіл. Түйткілдің түйінін шешу үшін тегін білім берудің тетіктерін қарастыру қажет. Бұл өз кезегінде жұмыссыздар санының азаюы мен маман тапшылығының жоюға мүмкіндік береді.
Ал, тиісті деңгейде білім алуға қатысты Қасым-Жомарт Кемелұлы құзырлы орындарға жоғары білім беру сапасын арттыруды тапсырды.
Адам — бойдағы қабілетімен, алған білімімен, игерген мамандығымен ерекшеленеді. Өйткені, білім -адамның қоғамдағы орнын табуға септігін тигізіп қана қоймайды, мемлекет дамуына да әлеуметтік деңгейде ықпал ететін құндылық.
Өркениентті елдер қатарынан көріну үшін алғашқы кезекте экономикамыз, мәдениетіміз бен білімімізді көтеруге күш салуымыз керек.
Жолдауда: «Жалпы, еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндеттер тұр. Бұл-уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз»,-деп нақты жазылған. Бұл орайда білім беру саласы қызметкерлеріне артылған жауапкершілік жоғары.
Доқторбек Мәселбеков,
Қаратау құрылыс-техникалық колледжінің директоры, т.ғ.к., Халықаралық ақпараттандыру академиясының корреспондент мүшесі, ауданның Құрметті азаматы.