Бейқам отыруға болмайды

0 204

Бұрынғылар жаратқаннан «Оттан, судан, зілзаладан, басқа да түрлі апаттан сақта» деп отыратын. Сондай үлкен кісілердің тілегі қабыл болып жатты ма, табиғат апаттары қазіргідей жиі бола бермейтін, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Өткенде Алматы бес жарым балға «тербеліп» оңтүстік астана тұрғындарын түн ішінде аяғынан тік тұрғызды. Енді міне қазақ елінің батыс, орталық және шығыс өңірлерін қардың суы алып жатыр.

Оңтүстіктегі Жамбыл облысында тыныш болғанымен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бүгін су алып кету қаупі бар Талас өзені іргесінен өтіп жатқан Тараз қаласының күн шығыс жағындағы елді мекендер мен Байзақ және Жамбыл аудандарындағы ауылдардың ахуалымен танысты.

Өзеннің отызға жуық километр жағалауына нығайту жұмыстары жүргізілгенімен әлі де кейбір жерлерді су жырып кету қаупі бар. Ербол Шырақбайұлы тиісті құрылым басшыларына ондай қауіпті жерлерді шұғыл нығайтуға тапсырма берді.

Су тасқынының алдын алу бағытында жоспарға сәйкес, 1790 километр канал, 1833 километр арық, 437 километр дренаж жүйесі, 946 су өткізгіш, қүрылымдары тазартылып, елді мекендердің айналасына тосқауыл төсеу жасалған.

Бүгінде ірі су қоймалары пайдалану талаптарына сай жұмысын атқаруда. Облыстың барлық су қоймаларында тасқын және еріген қар суын қабылдауға қосымша жайлар дайындалған.

Қолдағы мәліметке қарағанда 28 наурыздағы жағдай бойынша «Қарақоңызда»-99, «Тасөткелде»-90, «Ынталыда»-88, «Теріс-Ащыбұлақ»-85 «Кировта»-77, «Қақпатаста»-58, «Бүркіттіде»-29, «Ақкөлде 20 пайыз су бар.

Қазіргі кезде су басу қаупі бар 42 елді мекеннің 34-де қауіп жойылған, 2-де қауіп төмендетілген көрінеді. Әлі де 6 елді мекенде су басу қаупі сейілмегендіктен тиісті жұмыстар атқарылып жатса керек.

2005 жылы наурыз айында Сарысу ауданынындағы «Ынталы» каналының суы арнасынан асып, ылдидағы Саудакент ауылына қауіп төндірген. Аудан басшылығынан бастап, халық болып қызыл судың жолын жанкештілікпен бөгегендіктен адам да, сан ғасырлық тарихы бар ауыл да аман қалған. Қазір бар-жоғы 20-ақ пайыз су жиналған «Ақкөл» су қоймасы да ана жылы «тентек» мінез көрсетіп, Ақкөл ауылының тұрғындарына қауіп төндірген. Тараз қаласының күн шығыс іргесіндегі тұрғын-жай алқаптарға, Байзақ ауданындағы Қостөбе ауылына да қауіп төнгені есте. Шудың суы да Қордай және Мойынқұм ауданының кейбір елді мекендерін «шайып» кете жаздағаны бар. Ол кезде билік пен төтеншеліктердің шұғыл әрекет етуінен малжан аман қалған.

Сондықтанда ауыл, аудан, қала әкімдері, тиісті құрылым қызметкерлері мен басшылары күндіз-түні қырағылықты арттырып, «қалғып» кетпесе дейміз. Су қоймалары мен өзенге жақын мекеннің тұрғындары да «апаттың айтып келмейтінін естен шығармағаны абзал.