Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның сыртқы істер министрін қабылдады
Қазақстан Президенті Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаевты қабылдады.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы өзара іс-қимылдардың деңгейін жоғары бағалады.
– Қазақстан мен Қырғызстан ең жақын мемлекеттер. Бізді бөліп тұрған ештеңе жоқ, керісінше елдерімізді біріктіруші факторлар өте көп. Қазақстан үшін Қырғызстан – сенімді одақтас, маңызды стратегиялық серіктес және бауырлас ел, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қырғызстанда болып жатқан оқиғаларды Қазақстанның мұқият бақылап отырғанын, оны қырғыз елінің ішкі мәселесі деп қарайтынын атап өтті.
– Бауырлас қырғыз елінің болашағына алаңдаймыз. Сондықтан Қырғызстанға көмек көрсету үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырамыз. Бұған дейінгі келісімдер негізінде екі ел арасындағы қарым-қатынастарды дамытуды жалғастыра береміз, – деді Мемлекет басшысы.
Руслан Қазақбаев өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа қабылдағаны және Қырғызстандағы күрделі кезеңде қолдау білдіргені, коронавирус пандемиясы кезінде гуманитарлық көмек көрсеткені үшін алғыс айтты.
– Менің сапарымның басты мақсаты – елімізде болып жатқан ішкі саяси өзгерістерге қарамастан бауырлас қазақ еліне қатысты сыртқы саяси бағдарымыздың өзгермейтінін айқындау. Қырғыз Республикасы бауырлас қазақ елімен арадағы жақсы қарым-қатынастарды қашан да құрмет тұтады және солай қала береді. Еліміздің жаңа басшылығы бауырлас екі елдің түпкі мүдделеріне сай келетін барлық бағыттар бойынша қырғыз-қазақ қатынастарын одан әрі нығайтып, арттыруға ниетті, – деді Қырғыстанның Сыртқы істер министрі.
Президент министрмен кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-транзиттік және су-энергетика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлді.