Астанада автобус жолақысы қымбаттады

0 91

1 тамыздан бастап елордада қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 90 теңгеден 110 теңгеге дейін қымбаттайды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі. 

«Астанада 1 тамыздан бастап қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 90 теңгеден 110 теңгеге дейін көтеріледі. Айта кетейік, 2014 жылдың қыркүйегінде қалалық бағыттарда жол жүру ақысы 90 теңге болатын», делінген әкімдік хабарламасында.

Осы ретте №1 Автобус паркінің басшысы – басқарма төрағасы Мадияр Тұқпатов жол жүру ақысының қымбаттауына қатысты пікір білдірді.

«Елордада автобус билетінің бағасы 2014 жылы 90 теңге болып белгіленді, содан бері өзгерген жоқ еді. Осы уақыт ішінде жанар-жағармай құны өсті, ол кезде литрі 110 теңге болса, қазір дизель бағасы 300 теңге. Автобустардың аралығын жиілеттік, бұрын жолаушылар кейбір автобустарды 20-25 минут күтсе, қазір аралық 15-12 минутқа дейін қысқарды. Келесі жылы 300 автобуспен толықсақ, 8-7 минутқа дейін қысқарту мүмкіндігіміз бар», деді Мадияр Тұқпатов.

Айта кетейік, 2020 жылдың наурыз айынан бастап Астанада және қала маңында оқитын 18 жасқа дейінгі балалар қоғамдық көлікте тегін жүретін еді.

Бұл жеңілдік келесі санаттарға жататын азаматтарға да беріледі:

  • Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген тұлғалар;
  • Жасы және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер, сондай-ақ жасы бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша зейнеткерлік жасқа толған мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар;
  • Көпбалалы аналар;
  • Көпбалалы отбасылар;
  • Мүгедектер;
  • Он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балалар, оның ішінде ата-аналарының бірі (заңды өкілдері).
  • «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту туралы» Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен ақталған 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысушылар қатарынан саяси қуғын-сүргін құрбандары.