«Астана-Алматы» пойызында интернет іске қосылады

0 166

Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі мәлім қылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Іске қосылатын қанатқақты жоба 25 қаңтардан бастап әуелі жолаушылар арасында танымал бағыттардың бірі № ¾ «Астана-Алматы» пойызында жүзеге асырылмақшы.

«Бұл жолаушыларға сапар барысында «WhatsApp», «YouTube» секілді қосымшаларды еркін пайдалануға және бейнемазмұндарды көруге мүмкіндік береді. Алайда, торренттер мен файлдарды жүктеу сайттарына шектеу қойылатын болады. Жобаның техникалық қолдауын Қазақстандағы OneWeb-тің ресми серіктесі Jusan Mobile жүзеге асырады», делінген ұлттық тасымалдаушы компанияның хабарламасында.

Ғаламтор қызметімен қатар, жоба аясында жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту және пойыз бригадасының жұмысын оңтайландыру үшін бірқатар заманауи технологияларды сынақтан өткізу көзделіп отыр. Олардың ішінде:

  • Билеттерді жылдам және ыңғайлы тексеруге арналған жолсеріктердің мобильді құрылғылары;
  • Вагон-мейрамханаларда қолма-қол ақшасыз төлем жасауға мүмкіндік беретін POS-терминалдар;
  • Қауіпсіздік деңгейін арттыру және қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету үшін пойыз басшыларына арналған бейнетіркеуіштер;
  • Вагондардағы жағдайды бақылауды күшейту үшін орнатылатын бейнебақылау жүйелері.

Аталған қанатқақты жоба Қазақстанның өзге бағыттарында ғаламтор қызметін дамытуға ықпал етеді.