Әскери қызметкерлерге қызметтік баспана SMS арқылы ұсынылады

0 5

2025 жылғы 21 мамырдан бастап Қорғаныс министрлігі мен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірлескен бұйрығына сәйкес, қызметтік тұрғын үйді автоматты түрде бөлу жөнінде пилоттық жоба іске қосылды.

Аталған жоба Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері мен азаматтық персоналына тұрғын үй саласында мемлекеттік қызметтер көрсету шеңберінде жүзеге асырылуда. Бұл туралы «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі хабарлайды.

Құжатта төмендегідей мемлекеттік қызметтерді проактивті форматта автоматты түрде көрсету көзделген:

  • «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін қызметтік тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қою»;

  • «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің азаматтық персоналын (қызметкерлерін) қызметтік тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қою»;

  • «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қызметтік тұрғын үйін жалға алу шартын жасау және ұзарту».

Қызметтік баспананы автоматты түрде бөлу алгоритмі де бекітілген.

Министрлік ақпараттық жүйесі тұрғын үйге мұқтаж адамдардың тізіміне және қолда бар тұрғын үй қорына сүйене отырып, қажетті шаршы метрлер мен кезектілік тәртібін ескере отырып, әлеуетті алушыны автоматты түрде анықтайды. Рапорт берілген күні мен уақыты да ескерілетін болады.

Қызмет көрсетудің проактивті форматы аясында ұсыныс жөнінде SMS-хабарлама мобильді азаматтар базасындағы кезек күтіп отырған азаматтардың нөмірлеріне жолданады. Егер азамат ұсынылған тұрғын үйден бас тартса немесе 48 сағат ішінде жауап бермесе, жүйе бұл туралы белгі қойып, кезекте тұрған келесі азаматқа SMS жібереді.

Берілген ақпараттың дұрыстығына мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінің иесі жауапты болады. Сонымен қатар, қатысушы мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасында ақпараттық жүйелердің тұрақты әрі дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында өзара іс-қимыл тұрақты негізде жүзеге асырылады.

Ақпарат алмасудағы мәліметтердің толықтығы, шынайылығы және бұрмаланбауы үшін жауапкершілікті ақпараттық жүйелердің иелері – ақпаратты беруші тараптар өз мойнына алады.

Бұйрық 2025 жылдың 21 мамырынан бастап күшіне енді және 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін қолданыста болады.