Әскери міндеттілер біліктіліктерін шыңдады

0 313

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Байзақ-2024» тексеру жиынының жабылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімі алдымен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің арнайы техникасы мен жабдықтарымен танысып, бірқатар оқу-жаттығуларын көрді.

Тексеру жиыны ағымдағы жылдың 20-29 мамыры аралығында «Айша бибі» полигонында ұйымдастырылды. Оған Байзақ ауданының аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне тіркелген 80-ге жуық әскери міндетті шақыртылған.

Жалпы, оқу-жаттығу облыстың аумақтық қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталған. Он күндік жиын барсында әскери міндеттілер кәсіби мамандардың көмегімен біліктіліктерін шыңдады. Атап айтқанда, олар аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне тапсырылған нысандарды күзету және қорғау, қарсыластың диверсиялық-барлаушылық тобымен күресті ұйымдастыру бойынша дайындықтарын іс жүзінде жетілдірді.

Ербол Қарашөкеев аумақтық қорғаныс әскерлері ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінің ажырамас бөлігі екенін баса айтты. Ол әскери міндеттілерді оқу-жаттығу жиынын сәтті аяқтауымен құттықтады.

«Байзақ-2024» тексеру жиынының қорытындысы бойынша үздік нәтижеге қол жеткізген бірқатар әскери міндетті облыс әкімінің Алғысхатымен марапатталды.