Әскерге қызмет ету – қасиетті борыш пен міндет

0 214

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруға байланысты түрлі мәселелер жиі талқыланып жүр. Осы ретте тағы бір мәрте еске сала кетейік: Отан қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы әрі Конституциялық міндеті болып табылады (ҚР Конституциясының 36-бабы). Қазақстан Республикасының Президенті жыл сайын азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру туралы Жарлық шығарады. Бұл науқанды ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдарға жүктелген «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес жүзеге асырылады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі – Қарулы Күштерді дайындықтан өткен, сапалы кадрлармен қамтамасыз ету. Бұл үшін барлық тиісті органдардың үйлесімді жұмысы қажет. Осы мақсатта облыс көлемінде тұрақты түрде жиындар өткізіліп, оған аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, жергілікті әскери басқару органдарының басшылары, прокуратура өкілдері, әскери медицина қызметкерлері мен күштік құрылымдардың қызметкерлері қатысады.

Аталған жиындарда көктемгі әскерге шақыру науқанының басталуына байланысты маңызды мәселелер қаралып, медициналық тексерудің сапасы, құқықтық қамтамасыз ету және мемлекеттік органдар арасындағы өзара әрекеттестікті нығайтуға ерекше назар аударылады. Сонымен қатар, шақыру науқанын белгіленген мерзімде және ашық жүргізу мәселесі де күн тәртібінен түскен емес.

Жамбыл облысының қалалық және аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшылары мен бөлім жетекшілері көктемгі әскерге шақыру науқанын жоғары деңгейде ұйымдастыруға және үнемі жетілдіріп отыруға тырысуда.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың көктемгі шақыру науқаны 1 наурызда басталды. Бұл науқан аясында Жамбыл облысынан Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері мен басқа да әскери құрылымдарына 18 бен 27 жас аралығындағы 1700-ге жуық азамат мерзімді әскери қызметке жіберіледі. Әскерге шақыру туралы шешімді жергілікті атқарушы органдардың қаулысымен құрылған шақыру комиссиясы қабылдайды.

Бұрынғы жылдары шақырылушыларға қағаз түріндегі шақырту қағаздары тапсырылса, биылдан бастап SMS-хабарламалар кеңінен қолданылуда. Бұл жаңашылдық процестің тиімділігін арттырып, азаматтардың уақытында хабардар болуын қамтамасыз етуді көздейді.

Әскерге шақырылушыларға шақыру тәртібі, кейінге қалдыру шарттары, сондай-ақ несие төлемдерін кейінге шегеру, ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына түсу және мемлекеттік грант алу сияқты жеңілдіктер туралы толық ақпарат беріледі. Жергілікті әскери басқару органдарының мамандары азаматтарға жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кез келген сұрақ бойынша ашық пікір алмасуға дайын.