Алматыда бүгіннен бастап карантин шаралары күшейтілді
Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің қаладағы карантин шараларына қатысты жаңа қаулысы шықты. Оған сәйкес, оңтүстік астанада бүгіннен бастап карантин шаралары күшейтілген, — деп хабарлайды “Aulieatanews” Ақпараттық агенттігі «NUR.KZ» сайтына сілтеме жасап.
Құжатқа сәйкес, қоғамдық тамақтану нысандары жазғы террасада ғана жұмыс істеуге құқылы.
Бұл ретте отыратын орындардың саны 30-дан аспауы тиіс. Сонымен қатар, мұндай мекемелердің жұмысына кешкі сағат 10-ға дейін ғана рұқсат. Тағамдарды жеткізуге рұқсат етіледі.
Ұлттық саябақтардың, сондай-ақ таулы және танымал туристік нысандардың (Медеу, Бутаковка, Алма-Арасан және радон көзі) аумағында тек жаяу серуендеуге болады.
Мұнда көліктің кез келген түрімен қозғалуға тыйым салынған.
Ұлттық парктер аумағында жұмыс күндері серуендеуге келесі талаптар сақталған жағдайда ғана рұқсат етіледі:
өзіңізбен сусындардан басқа ешқандай тамақ әкелмеу;
пикниктер жасамау және от жақпау;
олардың аумағында үш адамнан тұратын топ болып жүрмеу;
маскалар киіп, ара қашықтықты сақтау.
Бұған дейін ұлттық саябақтар аумағында жұмыс күндері жаяу ғана емес, велосипедпен де жүруге болатын еді.
Жалпы, басқа шектеу шаралар сол қалпында қалған.
Мәселен, қалааралық тасымалдар тоқтатылады. Алматыда қала маңындағы автобустардың, сондай-ақ автобустар мен метроның толуы 50%-дан аспауы тиіс. Демалыс күндері қала маңындағы және қалалық бағыттар толығымен қозғалысын тоқтатады.
Отбасылық және естелік мерекелерді (банкеттер, үйлену тойлары), сондай-ақ көптеген адам жиналатын басқа да іс-шараларды өткізуге тыйым салынады.
Мәдени нысандар (театрлар, көрмелер), діни нысандар (мешіттер, шіркеулер), білім беру орталықтары уақытша жабылады.
Сондай-ақ, сауда үйлері және сауда-ойын-сауық орталықтары (дәріхана, азық-түлік дүкендері және фудкорттың кейбір нысандарын қоспағанда), караоке, кальянхана, кинотеатрлар, фитнес-клубтар, SPA-орталықтар, жабық базарлар және басқа да нысандар жабылуы тиіс.
Қонақ үйлер мен туристік базаларға санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмыс істеуге рұқсат етіледі.