Әлеуметтік-психологиялық мәселелер жайлы сөз болды
Қазіргі күрделі заманда буллинг, ойынға тәуелділік (лудомания), психологиялық тұрақсыздық сынды әлеуметтік-психологиялық мәселелер тек мамандарды ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдатуда. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-2-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандарды қорлау (буллинг, кибербуллинг) ескерту жасауға немесе он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеледі. М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде «Әлеуметтік-психологиялық мәселелердің медиамоделі» атты халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Іс-шара барысында бұқаралық ақпарат құралдарының осы мәселелерді көтерудегі рөлі, олардың қоғамдық сананы қалыптастырудағы ықпалы және бұл проблемалардың алдын алуда медиа қандай құрал бола алатыны талқыланды.
Конференция гибридті форматта – офлайн және онлайн түрінде өтті. Ұйымдастырушы – М.Х.Дулати университетінің Ақпарат және медиакоммуникациялар орталығы. Конференцияның модераторы – университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Аслан Тұрлыбек болды.
– Психологиялық қауіпсіздік – бұл абстрактілі ұғым емес. Бұл – адамның жеке және кәсіби өміріндегі амандығының негізі, демек, қоғам тұрақтылығының кепілі, – деді ол кіріспе сөзінде.
Конференцияға қатысушылар буллинг, ойынға тәуелділік және психикалық денсаулық тақырыптарының БАҚ-та қалай көрсетілетіні, сондай-ақ осы мәселелердің алдын алуда білім беру ұйымдары мен медиаплатформалардың нақты қандай көмек көрсете алатыны жөнінде пікір алмасты.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова құқық қорғау органдарының буллинг пен тәуелділікпен күрестегі тәжірибесімен бөлісті. Ал Жамбыл облысындағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Еркін Қуанышев жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттырудың маңызын атап өтті.
Қырғызстаннан келген психология ғылымдарының докторы Акчач Жолдошева әлеуметтік дерттермен күреске ғылыми көзқарасын ұсынып, бұл мәселелерді кешенді түрде шешуде психологиялық әдістердің маңызды екенін айтты.
Монғолиядан келген профессор Энхбат Авирмед оқу жүктемесі жағдайында студенттердің әл-ауқатын қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Психолог Гүлназ Бейсембек буллингтің жасөспірімдерге тигізетін психологиялық зардаптары туралы баяндап, зардап шеккен балаларға қолдау көрсетудің нақты тәсілдерін ұсынды. Сондай-ақ, ол күйзелісті азайту мен эмоциялық интеллектті дамыту әдістерімен бөлісті.
Журналист Мұратхан Әлімхан мұндай тақырыптарға этикалық тұрғыда қараудың маңыздылығын айтып, бұқаралық ақпарат құралдарының бұл мәселелерге бей-жай қарамауы, сонымен қатар үрей тудырмауы керектігін жеткізді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Алмат Садуақас өз сөзінде қоғамдағы жағдай туралы шынайы ақпарат таратуда БАҚ-тың рөлі зор екенін атап өтті. Ал, республикалық «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының жетекшісі, өңірдегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл Даурен Бақжанов жастардың құқықтарын қорғау және қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелеріне кеңінен тоқталып, әр баланың тұлға ретінде қалыптасуына қолайлы жағдай жасау қажеттігін ерекше атап өтті.
Конференция соңында мамандар студенттердің сұрақтарына жауап беріп, ішкі күйді қалай басқаруға болатыны туралы пайдалы кеңестер берді. Олар тағы бір мәрте барша қатысушыларға өмірді жақсарту жолы әркімнің өз қолында екенін еске салып, тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана қоғамдағы қалыптасқан жағдайды өзгертуге болатынын айтты.