Бес жасар бүлдіршінге тосынсый жасады

0 568

Сарысу ауданының Жаңатас қаласында тұратын бес жасар Жансерік болашақта өз өмірін полиция қызметімен байланыстырып, қылмыспен күресуді армандайды. Бұл туралы ол емделуге ақша жинауға көмектескен қоғам белсенділеріне айтқан, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Ол бейнежазбаны әлеуметтік желілерден көрген Сарысу аудандық полиция бөлімінің басшылығы баланы қуантуға шешім қабылдаған. АПБ бастығы Болат Айтжанов, оның бірінші орынбасары Қанат Нарбеков кішкентай балақайдың үйіне арнайы барып, ойыншықтар, тәттілер, полицияның жезл таяғын және өз фуражкасын сыйға тартты.

— Балаларға қуаныш сыйлау керемет сезім ғой. Жансерік — өте ақылды бала, біз оны қолдауға әрқашан дайынбыз, — дейді Болат Айтжанов.

Жансерік полицейдің қалпағын киіп, қолына жезл ұстап, өзін жол полициясы қызметкері ретінде таныстырып, қонақтармен бірге жол қозғалысы ережелерін жаттады. АПБ бастығы зор денсаулық, оқуда табыс тілеп, балақайдың анасы Жансаяға ұлының полиция қатарында қызмет етуге деген ұмтылысын қолдағаны үшін алғыс айтты.

Баланың анасы полиция басшылығына көңіл бөліп, қолдау көрсеткені, баласының арманын орындағаны үшін ризашылығын білдірді.

— Менің ұлым үшін бұл қуанышты жайт, күтпеген тосынсый болды. Операция алдында оған көптеген жағымды эмоциялар сыйлап, көңілін көтеріп кетті. Сонымен қатар, бұл жақсы оқуға үлкен мотивация болды, — дейді ол.