Меркіде халықаралық қой көрмесі өтті

0 261

Ауылшаруашылығын дамыту – еліміз дамуының негізгі бағыттарының бірі. Оның ішінде, мал шаруашылығын дамыту бойынша Үкіметіміздің алға қойған нақты міндеттері бар. Бұл ретте, мал шаруашылығында асылдандыру ісін ілгерілету ең басты міндеттердің бірі болып отыр, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Осы орайда, Меркі ауданында Жамбыл облысының асыл тұқымды қой көрмесі өтті. Қой көрмесіне Жамбыл облысы, Республика аймақтарымен қатар, көрші Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен келген асыл тұқымды қой өсірумен айналысатын жалпы 40-тан аса шаруа қожалығы қатысып, 200-ге жуық асыл тұқымды қошқарды көпшілік назарына ұсынды.

Көрмеде қошқарлар жасына қарай «Қозы тіс еркек», «Екі тіс қошқар», «Төрт тіс қошқар», «Алты тіс қошқар» және «Абсолют» (үлкен салмақ), асыл тұқымды қойлар «Ұрғашы қозы», «Саулық», номинациялары бойынша бағаланды.

Шараға облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Жігітеков Нұрби Рахметханұлы, аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы қатысып, қонақтарды шараның ашылуымен құттықтап, шаруаларға сәттілік тіледі.

Көрме қорытындысы бойынша, Шу ауданының шаруасы Болат Қырғызбаев алып келген «Нептун» лақап атты қошқар абсолютті салмақ дәрежесінде 198,5 келі тартып, жеңімпаз атанды.⠀