Ашық банкинг асығыстықты көтермейді
Отандық қаржы жүйесінің белсенді цифрлануы нәтижесінде көп өтпей кез келген тұтынушы смартфонындағы бір банк қосымшасы арқылы бірнеше банктегі қаржылық жағдайын бақылап отыруға қол жеткізеді. Яғни, банктің мобильді қосымшасымен жеке кабинетке кіріп, бірнеше шотты басқаруға және тұрақты төлем мен аударымдарды жүргізуге, қаржылық есептілікті оңтайландыруға, өзінің кірісі мен шығысын талдауға мүмкіндігі бар.
Мұндай бастама Ұлттық банктің (ҰБ) Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен (ҚНРДА) және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен (БҚДА) бірлесіп, «Open API» және «Open Banking»-ті дамытудың 2023–2025 жылдарға арналған жобасы аясында іске асырылып отыр. Әлемнің елу шақты елінде қолданылып келе жатқан «Open Banking» (ашық банктік қызметтер) – жүйесі ақпарат алмасудың жаһанда танылған хаттамасы болып саналатын «Open API» технологиясына негізделген. Әрбір банк осы бағдарламалық интерфейсті өз бетінше жасайды. Бірақ, Ұлттық банк реттеуші оператор ретінде стандарттарды беріп отырады. «Open API» – банк пен үшінші тарап ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды білдіріп, насихаттайтын интеграциялық байланыс түрі.
«API» технологиясы арқылы құрылған ашық деректердің интернет-платформасы қаржы компанияларына инновациялық өнім мен қызметті, мәселен, қаржылық әдеттерді талдау сервисін және клиенттің жеке ақпаратымен жұмыс істейтін кез келген басқа қосымшаларды ұсына алады. Екінші деңгейлі банк бөлімшелерінде транзакциялар бойынша үзінді көшірмелерді, визалық орталыққа ұсыну үшін басып шығаруды қажет етпейді. Банктерден ашық «API» арқылы ақпарат беруді және үшінші тараптармен қауіпсіз деректер алмасуды қамтамасыз етуді талап етеді. Жалпы алғанда, ашық банкинг көмегімен клиент өзінің қаржылық деректерін икемді басқара отырып, белгілі бір қаржылық ұйымнан шоты, транзакциясы, теңгерімі, теңгерім қалдығы туралы ақпарат алады.
Мәселен, клиент үшінші тарап ұйымына өзінің шоты туралы ақпаратты көруге рұқсат берген кезде, бір мобильді қосымша арқылы барлық банктік шоттарды, транзакцияларды, ақша қозғалысын көруге, басқаруға, жеке қаржылық талдама жасауына мүмкіндігі бар. Бұл келісім цифрлы түрде жүзеге асырылады. Клиенттің қаржысына емес, тек шот туралы ақпаратқа қол жеткізуге болады. Мұнда аутентификацияның, сәйкестендірудің, ақпараттық қауіпсіздік стандарттарының, қатысушыларға, мобильді қосымшаның өзіне, яғни қатысушының инфрақұрылымына басқа да талаптардың дұрыс құрылған әдістері қамтылып, бәрі де толықтай реттеуші енгізулермен шешіледі.
Ашық банкингтің әлемдік тәжірибесіне көз жүгіртсек, Еуропалық одақта 2016 жылы барлық банкті клиенттің келісімімен «API» арқылы клиент туралы ақпаратпен бөлісуге міндеттеген. Бұл ашық банкингтің дамуына түрткі болды. Қазіргі кезде ашық банкинг елуден астам елде енгізіліп жатыр. Ұлыбритания мен Бразилияда «Оpen API» стандарттарын орындау міндетті болса, АҚШ-та нарық қатысушылары, қаржы ұйымдары ерікті форматта белгілі бір стандарт бойынша ақпаратпен алмасады. Англияда 6 миллионнан аса, Үндістанда миллиардтан аса ашық банкинг қолданушысы бар. Ресей «Open Banking» тұжырымдамасын жариялады және қазір «Open Finance» бағытында жұмыс істеуге кірісті.
Бізде ашық банкинг тұжырымдамасын кезең-кезеңімен енгізудің стратегиялық жоспары шеңберінде 2023 жылға жоспарланған қанатқақты жобаның негізгі кезеңдері іске асырылып жатыр. «Клиенттің ағымдағы шоттары туралы ақпарат алмасу» бойынша қанатқақты жоба 2023 жылғы 1 қарашада іске қосылған болатын. Оған екінші деңгейлі банктер мен 128 адамнан тұратын шектеулі фокус-топ (жобаға қатысушы банк клиенттері) қатысты. Ашық банкингті іске асыруда алдымен клиенттің шоты, шоттағы қалдық және транзакция туралы ақпарат беріле бастайды. Әзірге қатысушылар саны шектеулі болғанымен, 2025 жылдың соңына қарай толығымен көшу жоспарланып отыр. Жобаны қолдайтындар да, күмәнмен қарайтындар да бар.
Экономист Арман Байғанов ашық банкинг тұжырымдамасын ұзақ уақыт пісіріп, байыппен дайындау керек деп санайды. «Қазақстанда «Open API» және «Open Banking» жүйесін дамыту тұтынушыларға да, қаржы ұйымдарына да тиімді. Өйткені, қазір барлығы онлайн атқарылады. Кейбір нотариаттық мәселелерді де «ЭЦҚ» арқылы үйде отырып жүзеге асыруға болады. Дегенмен, ашық банкинг көптеген қаржы ұйымын өз қызметкерлерінің санын қысқартуға мәжбүрлейді. Егер бәрі цифрландырылса, неге олар кеңсе мен қызметкерлерді ұстап отыруы керек. Шығындарды азайту арқылы қаржылық шығындарды азайта алады ғой. Бұдан тұтынушының өзі де пайда көреді, пайыздық мөлшерлемелер де төмендейді», дейді экономист.
«MVoter» стартабының басшысы Тимур Айсауытов ақпараттық қауіпсіздікке реттеуші оператор ретінде Ұлттық банк жауапты болуға тиіс дейді. «Ұлттық банк «Open API» экожүйесіне жауап береді, сондықтан ол ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуі керек. Ақпарат барлық қосымша бойынша қатаң бақылауға алынуы керек. «Open API» әлемнің көптеген дамыған елінде жүзеге асырылған. Солардың ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі тәжірибесін біз пайдалануымыз керек», дейді маман.
Сарапшылар арасында жаңа жобаның кемшілігін көріп жатқандар да бар. Экономист Марат Абдурахмановтың айтуынша, «Open API» жүйесінің қаржы институттары өз клиентіне көбірек қызметті сата алатындай етіп қарастырылған тұстары бар. «Мен бұл тұжырымдаманы қарадым. Қаржы қызметтерін көрсету үшін үшінші тұлғалар біздің жеке деректерімізге қол жеткізе алады. Шындығында, бұл жүйе банктердің көбірек қызметтерді сата алатын және комиссияларды қазіргідей қағазға емес, электронды түрде шағын әріптермен жаза алатындай етіп жасалған», дейді.
Ұлттық банктің хабарлауынша, тұжырымдаманы әзірлеу аясында ҰБ, ҚНРДА және БҚДА реттеушілері екінші деңгейлі банктермен алдын ала талқылаулар жүргізді. Сондай-ақ банктер арасында «API» технологиясын пайдаланудың ағымдағы мәртебесі нақтыланды, ашық банктік қызмет көрсетуді енгізудің инфрақұрылымдық және реттеуші негіздеріне бағалау жүргізілді.
«Қаржы секторының осы цифрлық саласын дамыту ЕДБ және «Open API» базасында төлем қызметтерін өзге де жеткізушілердің ынтымақтастығы нәтижесінде жаңа қаржылық қызметтер мен өнімдердің, сондай-ақ бизнес-модельдердің пайда болуына ықпал етеді. 2025 жылы еліміздегі ашық банкинг аясында функционалдылықты қосымша кеңейту және өзара іс-қимылды тереңдету жоспарланып отыр. Дамудың негізгі бағыттарының бірі – бизнес-сценарийлерді «Оpen API» технологиясы негізінде екінші деңгейлі банктердің қызметі деңгейіне дейін кеңейту. Бұл қаржы саласында цифрлық трансформацияны қамтамасыз ете отырып, неғұрлым күрделі және әртүрлі өнімдер мен қызметтерді біріктіруді қамтиды», делінген ҰБ мәлімдемесінде.