Алматылықтар енді құжатты автоХҚО-ға бармай қала орталығынан ала алады

0 53

Әуезов аудандық ХҚО ғимаратында онлайн форматта рәсімделген дайын құжаттарды беру секторы өз жұмысын бастады.

Енді Алматыдағы автокөлік иелері онлайн рәсімделген құжатын мамандандырылған ХҚО-ға бармай-ақ алатын болды, деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматыда Жандосов көшесі, 51 мекенжайында орналасқан Әуезов аудандық ХҚО ғимаратында онлайн форматта рәсімделген дайын құжаттарды беру секторы өз жұмысын бастады. Аталған ХҚО-да «көлік құралдарын тіркеу» және «жүргізуші куәліктері» секілді дайын құжаттарды алуға болады.

«Тұрғындар онлайн рәсімдеген құжаттарын қала орталығынан алуы үшін арнайы сектор аштық. Аталған секторда онлайн рәсімделген құжаттардың дайын нұсқасын алады. Осылайша жүргізушілер өз уақытын үнемдейді. Бір ай ішінде секторда 1787 құжат берілді, оның ішінде 771-і көлік құралын мемлекеттік тіркеу бойынша, 1016-сы жүргізуші куәліктері», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы директорының орынбасары Айнаш Әубәкірова.

Дайын құжаттарды беру секторы дүйсенбі мен жұма аралығында таңғы 9:00-ден 18:00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.