QazVac вакцинасының алғашқы партиясы жөнелтілді
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты базасында өндірілген QazVac (QazCovid-in) қазақстандық вакцинасының бірінші партиясының жөнелтілу рәсіміне қатысты және Жамбыл облысы Қордай ауданы Гвардейский кентіндегі биофармацевтика зауытының салыну барысымен танысты, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.
«Қазақстандық вакцинаның жасалуы еліміздің коронавирус инфекциясына қарсы өз вакциналарын әзірлеген әлемнің бес елінің қатарына енуіне мүмкіндік берді. Бұл халықтың денсаулығына ғана қатысты мәселе емес, сондай-ақ отандық ғылымның әлеуеті мен биофармацевтикада заманауи технологияларды іс жүзінде қолданудың, мемлекеттің беделінің дәлелі», — деді Ералы Тоғжанов.
Өткен жылдың қазан айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық вакцинаны жасау туралы нақты тапсырмалар берген болатын. Вице-премьер Мемлекет басшысының қазақстандық вакцинаны шығару жөніндегі барлық тапсырмалары Үкіметтің ерекше бақылауында екенін және вакцинаның бірінші партиясының бүгінгі шығарылуы олардың іс жүзінде орындалғанын айғақтайтынын атап өтті.
«QazVac» вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы «СҚ-Фармацияның» хабтарына таратылып, одан әрі еліміздің барлық өңірлеріндегі денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларына жеткізілетін болады. Ал 26 сәуірде халықты «QazVac» вакцинасымен вакцинациялау басталады. Мамыр айында 50 мың доза көлеміндегі вакцинаның кезекті партиясын шығару жоспарлануда. Бұдан әрі вакцина өндірісі кезең-кезеңімен айына 500-600 мың дозаға дейін ұлғайтылатын болады.
Отандық вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіліміне енгізілген. Оның толық қауіпсіздігі дәлелденді, вакцина коронавирус инфекциясына қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастырады. Инактивтендірілген вакцинаның артықшылығы, ол вакцинамен байланысты ауруларды тудырмайды. Бұдан басқа «QazVac» вакцинасын жеткізу әдістері күрделі тоңазытқыш қондырғыларын талап етпейді, олар тоңазытқышта +2-8 градус температурада тасымалданады.
Сондай-ақ Е.Тоғжанов жұмыс сапары кезінде Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жанындағы биофармацевтика зауытының құрылысы барысымен танысты. Қазіргі уақытта онда құрылыс-жөндеу және әрлеу жұмыстары аяқталды. Инженерлік желілерге қосу арқылы жабдықтарды монтаждау, қосу-баптау және іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Биыл наурызда зерттеудің GMP стандарттарына сәйкестігі туралы оң қорытындысы (DQ) алынды. Келесі қадам – валидацияны жүзеге асыру және GMP халықаралық стандартының сертификатын алу. Осы мақсаттар үшін «Атабай» түрік компаниясы тартылды.
Объектіні аралап шыққан вице-премьер оған оң баға беріп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес отандық вакцина өндіретін зауыт құрылысы белгіленген мерзімге сай жүргізіліп жатқанын атап өтті. Биофармацевтика зауыты іске қосылғаннан кейін оның базасында «QazVac» вакцинасын өндіру жалғастырылмақ.