Мемлекет басшысы Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебайды қабылдады

0 12

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебайды қабылдады. Кездесуде Құрылтайдың заң шығару қызметінің нәтижелері, өңірлердегі инфрақұрылымдық жобалар және «Әділет» партиясының жұмысы талқыланды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Айбек Дәдебайдың айтуынша, депутаттар осы уақытқа дейін 18 заң қабылдаған, тағы 38 заң жобасы қаралып жатыр. Қазіргі уақытта жаңа Азаматтық кодекс әзірленіп, балалардың құқықтарын қорғау, педагогтер мен медицина қызметкерлерін қолдау бағытындағы заңнамалық бастамалар пысықталып жатыр.

Кездесуде 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджеттің қабылданғаны да айтылды. Депутаттардың бастамасымен өңірлердегі 52 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға қосымша 47 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат жылу, электр, газ және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.

Құрылтай Төрағасы қабылданған заңдардың орындалуын бақылау шаралары туралы да баяндады. Заңдардың іс жүзінде қаншалықты тиімді қолданылып жатқанын бағалау үшін заңнамалық мониторинг жүргізу қағидалары бекітілген. Сонымен қатар заң жобаларын талдау, құқықтық қайшылықтар мен ықтимал тәуекелдерді анықтау мақсатында e-Quryltai жүйесіне жасанды интеллект технологиялары енгізіліп жатыр.

Халықпен кері байланысты нығайту мәселесі де назардан тыс қалмады. Сессия басталғалы депутаттар әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 111 сауал жолдаған. Құрылтайдың қоғамдық қабылдауы мен e-Otinish жүйесі арқылы азаматтардың өтініштерін қарау және олардың мәселелерін заңнамалық бастамаларда ескеру жұмысы жалғасады.

Айбек Дәдебай мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылғанын және ЮНИСЕФ-пен балалардың құқықтарын қорғау бағытында ынтымақтастық орнатылғанын жеткізді. Сондай-ақ Женевада өткен Парламентаралық одақ алаңында жасанды интеллект негізінде әзірленген AI-Quryltai парламенттік платформасы таныстырылған.

Кездесуде «Әділет» партиясының қызметі де талқыланды. Партия Үкіметпен бірлесіп, 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі жол картасының жобасын әзірлеген. Құжатқа 303 іс-шара енгізілген. Олардың орындалуын бақылау үшін цифрлық мониторинг құралдары іске қосылып жатыр.

Партияның қоғамдық қабылдауына 14 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 8,3 мыңнан астамы оң шешімін тапқан. Ал әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын партиялық бақылау барысында 300-ге жуық нысан тексеріліп, анықталған кемшіліктердің 80 пайызға жуығы жойылған.

Сонымен қатар «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 12 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетілген. Партия сайлаушылардың ұсыныстарын жинап, тапсырмалардың орындалуын бақылауға арналған «Әділет.365» цифрлық жүйесін де іске қосқан.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың заң шығару қызметі мен партия жұмысының алдағы басымдықтарын талқылады. Президент тапсырмаларын орындау және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдау мәселелеріне баса мән берілді.