Мемлекет басшысы «Қазатомөнеркәсіп» басшысына бірқатар тапсырма берді

0 10

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповті қабылдады. Кездесуде компанияның стратегиялық міндеттері, уранның мемлекеттік қорын құру, геологиялық барлау және халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Мейіржан Юсупов Мемлекет басшысына компанияның қазіргі қызметі мен 2025–2034 жылдарға арналған даму стратегиясына сай алдағы жоспарлары туралы баяндады. Оның айтуынша, қазір компания жалпы ауданы 1 мың шаршы шақырымнан асатын алты учаскеде геологиялық барлау жүргізіп жатыр. Сонымен қатар ауданы 124 шаршы шақырым болатын Қызылту учаскесін барлау жоспарланған.

Биыл «Қазатомөнеркәсіп» Үндістан мен Қытайдың ірі энергетикалық компанияларымен табиғи уран жеткізу жөнінде жаңа келісімшарттар жасасты. Компания атом саласындағы жетекші халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты дамытып, өткізу нарықтарын әртараптандыру арқылы әлемдік нарықтағы орнын нығайтуды көздейді.

Кездесуде компанияның ғылыми-технологиялық әлеуетін дамыту мәселесі де сөз болды. Атап айтқанда, уран өндірісінің тиімділігін арттыру және сирек кездесетін ілеспе металдарды алу технологиясын жетілдіру бағытында зерттеулер жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, компания биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға 13 млрд теңгеден астам қаржы бөлген. Бұл қаражат денсаулық сақтау, білім беру және спорт нысандарын салуға бағытталған.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ресурстық базаны дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және әлеуметтік бастамаларды іске асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.