Жалған нөмір таққан жүргізуші куәлігінен айырылды

0 151

Тараз қаласында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін таққан Range Rover көлігінің жүргізушісі полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, жауапкершіліктен қашуға тырысқан. Алайда құқықбұзушылық жасаған азамат сот алдында жауап беріп, тиісті жазаға тартылды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Оқиға Жедел басқару орталығы қызметкерлерінің бақылауы барысында анықталған. Олар мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері жалған Range Rover автокөлігін байқап, оны тоқтатуға әрекет жасаған. Бірақ көлік тізгініндегі Тараз қаласының 38 жастағы тұрғыны патрульдік полиция қызметкерлерінің талабына бағынбай, жол қозғалысы ережелерін бұза отырып, оқиға орнынан қашуға тырысқан.

Құқықбұзушының әрекеті мұнымен де шектелмеген. Ол сот отырысына бірнеше рет келмегендіктен, мәжбүрлі түрде жеткізілгеннен кейін ғана сот алдында жауап берген. Істі қарау нәтижесінде сот жүргізушіні әкімшілік қамаққа алып, көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы шешім шығарды.

Полиция өкілдері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және тәртіп сақшыларының заңды талаптарын орындауға шақырады. Құқықбұзушылықтан жалтару немесе полициядан қашу жауапкершіліктен құтқармайды. Заң талаптарын елемеген әрбір азаматтың әрекетіне қолданыстағы заңнама аясында баға беріледі.