Мемлекет басшысы Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады

0 17

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі заңдылықтың жай-күйі және прокуратура органдарының басым бағыттар бойынша атқарған жұмысының нәтижелері туралы есепті тыңдады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

Берік Асылов:

— криминогендік ахуалды бақылау, сондай-ақ қылмыстың алдын алу бағытында қабылданған шаралар жөнінде баяндады.

— Биылғы 9 айда қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 14,6 пайызға, соның ішінде қоғамдық орындардағы құқықбұзушылық 22,3 пайызға, көшедегі заңға қайшы әрекеттер 20,1 пайызға азайған.

— Құқық қорғау органдарымен және мүдделі құрылымдармен бірлесіп, интернет-алаяқтыққа, есірткі қылмысына және басқа да қауіпті қылмыс түрлеріне қарсы күрес бойынша жан-жақты шаралар қабылданды.

— бүгінгі таңда жалпы сомасы 1,3 триллион теңге болатын активтер қайтарылғаны жөнінде мәлімдеді.

— Осы қаражат есебінен 466 әлеуметтік инфрақұрылымның құрылысы мен реконструкциясы қаржыландырылды, оның 378-і аяқталды.

— Атап айтқанда, алты облыста ірі медицина нысандары, Астана қаласында Қ. Мұңайтпасов атындағы футбол стадионы пайдалануға берілді. Сонымен қатар Балқаш, Павлодар және Арқалық әуежайларын жаңғырту жұмыстары аяқталды.

— Активтерді қайтару, экстрадициялау және қылмыс жасаған адамдарды беру мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық дамып келеді.

— Бас прокуратура 39 юрисдикциямен 92 екіжақты келісімге қол қойды. Қазақстанға 50 адам экстрадицияланды, ал шет мемлекеттерге 123 адам берілді.

— Мемлекет басшысының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы Жарлығын орындау мақсатында инвесторларды қорғаудың жүйелі моделі жолға қойылғанын айтты.

— Жыл басынан бері 2886 инвесторға көмек көрсетілді. Прокурорлар 3,5 мың инвестициялық жобаның іске асуын қадағалап отыр.

— Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны «Цифрлық қадағалау» жүйесімен интеграциялау түйткілді мәселелерді уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.

— әлеуметтік-экономикалық салада 413 мың азаматтың конституциялық құқы қалпына келтірілгенін атап өтті.

— Соның ішінде 200 мыңнан астам жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды. Еңбекақы бойынша 2,5 миллиард теңге, алимент бойынша 7,9 миллиард теңге берешек өндірілді.

— Прокурорлар мемлекет қаржысын жұмсау кезінде сомасы 535 миллиард теңге заң бұзушылыққа тосқауыл қойды. Бюджетке 66,4 миллиард теңге қайтарылды.

— Кездесу барысында «Заң мен тәртіп» идеологиясын, әсіресе, жастар арасында ілгерілету, сондай-ақ қадағалау қызметіне цифрлық технологияларды және жасанды интеллектіні енгізу мәселелеріне айрықша назар аударылды.

Президент:

— барлық салада заңдылықты қамтамасыз ету, заң үстемдігі мен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, соның ішінде электоралдық кезеңде құқықтық тәртіпті сақтау шараларын үйлестіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды;

— сондай-ақ Әділетті Қазақстанның конституциялық құндылықтарын мүлтіксіз сақтау қажеттігі атап өтілді.