Жасөспірімдерге заң талаптары түсіндірілді

0 11

Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, зорлық-зомбылық пен әлімжеттілікке жол бермеу – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарын күшейту мақсатында Талас ауданындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы орта мектепте жоғары сынып оқушыларымен кездесу өтті, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Жиынға Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков, аудан прокуроры Ақберен Мүлкеманов, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Нүркен Төлеуішов және аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов қатысты.

Еркін форматта өткен кездесуде оқушыларға заң талаптарын сақтау, құқықбұзушылыққа жол бермеу, қатарластарымен қарым-қатынаста өзара сыйластық таныту және әрбір әрекетіне жауапкершілікпен қарау қажеттігі түсіндірілді. Сонымен қатар мектептегі әлімжеттілік пен зорлық-зомбылықтың зардаптары сөз болып, мұндай жағдайлардың алдын алу жолдары талқыланды.

Кездесудің ерекшелігі – оқушылардың өз ойларын ашық айтып, көкейлеріндегі сұрақтарын қоюына мүмкіндік берілуі. Мамандар жасөспірімдерді қандай да бір келеңсіз жағдайға тап болғанда үнсіз қалмауға, өз құқықтарын білуге және қажет болған жағдайда тиісті мамандардан көмек сұрауға шақырды.

Мұндай кездесулердің мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заңға құрметпен қарайтын, өз ісіне жауап бере алатын азамат болып қалыптасуына ықпал ету. Бұл ретте ата-ана, мектеп және құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы да маңызды.

Осындай мазмұндағы кездесу Талас ауданындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте де ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралар өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мектеп ортасында өзара құрмет пен сенімді нығайтуға бағытталған.