Энергетика – маңызды стратегиялық сала

0 94

«Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінгі күні желілерді жаңартып, инновация енгізіп, кадрлардың біліктілігін дамыта отырып, тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттырып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Энергетика саласы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар сала. Тұрақты қуат көзі болмаса, қуатты мемлекет құру мүмкін емес» деп атап өтуінен-ақ бұл салаға қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын аңғару да қиын емес. Оған мекеменің жұмысымен жан-жақты таныстыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз туры барысында көзіміз нақ жете түсті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Мекемеде өткен баспасөз турға «Әділет» партиясы, «Атамекен» ҰКП, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен тұтынушылар қатысты. Кәсіпорынның жұмысымен «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Жұмағали Сабалақов таныстырды. Мекемеде көп ілгерілеу бар. Барлық жүйе цифрландырылған. Ортақ бақылау жүйесі іске қосылған. Қызметкерлер үшін барлық жағдай мен мүмкіндік қарастырылған. Әскердегідей тәртіп пен тазалық көзге ұрып тұр. Таза аула, таза жұмыс орны, тіпті мекеме ауласында орналасқан цехтар мен жөндеу орындарының өзінде ұқыптылық пен тазалық алдыңғы орынға қойылған. Жұмысшыларға да тиісті қолдау мен қамқорлық жасалған. Жалпы мекемеде атқарылған жұмысы пен алдағы кезеңдерге жоспарын міндеттерді серіктестіктің бас директоры мақтанышпен жеткізді.

Әсіресе облыстық мәслихат депутаттары мекемеде атқарылған жұмыстарға қатты қызығушылық танытты. Техникалық құрал-жабдықтардан бастап барлық жұмыс цехтарын аралап, мекеме басшысына сұрақтарын беріп, экономикалық тұрғыда пікір алмасты.

Дегенмен, сонау өткен ғасырдың 60-70 жылдары пайдалануға берілген электр желілерінің тозу деңгейінің бүгінгі күні жоғары екенін мекеме өкілдері жасырған жоқ. Олардың айтуынша электр жүйесіндегі тозу деңгейі 75,8 пайызды құрайды екен. Биыл оны бар болғаны 0,1 пайызға ғана жаңғырта алған. Соған қарамастан мекеме бұл қиындықтан шығудың жолын жан-жақты қарастыра отырып, халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға белсене қатысуда.

Бүгінгі күні инвест бағдарлама аясында Есет батыр мен Аппасова көшесінде бағана ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Мұнда ескі ағаш бағаналар арнайы темірбетонды бағаналарға ауыстырылуда. Нысан басында екі топ жұмыс істеуде. Оған екі техника мен ондаған адам тартылған. Ол бағаналарға сым желісін тарту жоспарланған. Бұл жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау көзделген.

Бүгінгі таңда «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 1977 адам еңбек етуде. Мекеменің қызмет көрсету ауданы 146,445 мың шаршы километрді құрайды.