Президент қаржы нарығын дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде қаржы нарығын реттеу мен дамытудың биылғы сегіз айдағы нәтижелері және алдағы кезеңге арналған міндеттер талқыланды. Мәдина Әбілқасымова Президентке банктер туралы жаңа заңды іске асыру аясында заңға тәуелді актілер базасы толық жаңартылып, 80 нормативтік-құқықтық акт қабылданғанын баяндады.
Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, банктердің активтері 75,6 триллион теңгеге дейін өсіп, 6,9 пайыздық өсім көрсеткен. Капитал жеткіліктілігі 20,7 пайызды құраған. Агенттік сегіз айда қаржы секторы субъектілеріне 279 инспекциялық тексеру жүргізген. Нәтижесінде 190 қадағалау шарасы қолданылып, жалпы сомасы 465 миллион теңге болатын айыппұл салынған.
Сондай-ақ микроқаржы және коллекторлық агенттіктер нарығында жұмыс істейтін 13 ұйым лицензиясынан айырылды. Тағы алты ұйымның лицензиясы уақытша тоқтатылып, төрт коллекторлық агенттік тиісті тізілімнен шығарылған.
Кездесуде халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және экономиканы қаржыландыруды кеңейту мәселелері де қаралды. Агенттік төрағасының сөзінше, бизнеске берілген кредит көлемі 3,5 пайызға өсіп, 16 триллион теңгеге жеткен. Жыл басынан бері кәсіпкерлікке жаңадан берілген кредит көлемі 19,1 пайызға артып, 12,5 триллион теңгені құраған. Реттеу шараларының нәтижесінде жеті айда тұтынушылық кредиттің өсімі 4,6 пайызға дейін баяулаған.
Сондай-ақ биыл шілдеден бастап мерзімі өткен берешекті ұжымдық реттеуге арналған Finkelisimkz платформасы іске қосылған. Жыл соңына дейін азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарастыратын Бірыңғай қаржы омбудсмені кеңсесі жұмысын бастайды.
Мәдина Әбілқасымова Президентке капитал және сақтандыру нарығын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламаларының, сондай-ақ «Капитал нарығы туралы» және «Сақтандыру нарығы туралы» жаңа заң жобаларын әзірлеу жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысын баяндады.
Бұдан бөлек, қаржы секторын цифрландыру және оған жасанды интеллектіні енгізу мәселелері айтылды. Агенттік жасанды интеллект технологияларына негізделген FinAI бірыңғай қадағалау платформасын әзірлеген. Жыл соңына дейін қаржы нарығына жасанды интеллектіні енгізу стратегиясын әзірлеу жоспарланып отыр. Құжатта ақпараттық қауіпсіздік пен деректерді қорғаудың бірыңғай тәсілдері қарастырылады.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қаржы саласында жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану, экономиканың нақты секторларын кредиттеуді арттыру, сондай-ақ капитал және сақтандыру нарықтарын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.