Жамбыл облысында 88 жүргізуші көлік нөмірін жасырған

0 10

Жамбыл облысында көлік нөмірін әдейі қағазбен жауып, бейнебақылау камераларынан жасырмақ болған жүргізуші анықталды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Полиция қызметкерлері Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолының 487-шақырымында мемлекеттік нөмірі анық көрінбеген KIA K5 көлігін тоқтатқан. Тексеру барысында нөмірдің бір бөлігіндегі әріптік-цифрлық белгілер қағазбен қасақана жабылғаны белгілі болды. Бұл көлікті бейнебақылау жүйелері арқылы сәйкестендіруге кедергі келтірген.

Жүргізуші жауапқа тартылып, көлік арнайы айып тұрағына қойылды. Мұндай құқық бұзушылық үшін бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу және бір жылға көлік басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.

Жыл басынан бері Жамбыл облысында мемлекеттік нөмірін жасырған 88 жүргізуші анықталған.

Қазір өңірде «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Полиция жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын күшейтті.