«Даму»: кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған сан-салалы жұмыс
Кәсіпкерлікті қолдау – экономиканың тұрақты дамуына серпін беретін негізгі бағыттардың бірі. Әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасау, қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту, жаңа жобаларды іске асыруға қолдау көрсету өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады. Бұл бағытта «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының атқарып отырған жұмысы ауқымды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Мұғазан Қаңлыбаев қордың өңірдегі қызметі, кәсіпкерлерге ұсынылып отырған мемлекеттік қолдау шаралары және жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып берді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
«Даму» қоры Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес 1997 жылы құрылған. Бүгінде қордың жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы. Осы жылдар ішінде қор еліміздегі шағын және орта бизнесті қолдаудың негізгі институттарының біріне айналып, кәсіпкерлерге қаржылай және қаржылай емес қолдау көрсетудің тиімді тетіктерін қалыптастырды. Қордың негізгі миссиясы – микро, шағын және орта кәсіпкерліктің тұрақты дамуына ықпал етіп, бизнес өкілдеріне кешенді әрі қолжетімді мемлекеттік қолдау құралдарын ұсыну.
Мұғазан Нұрмаханұлының айтуынша, қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік қолдау шаралары 2010 жылдан бері іске асқан «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының жалғасы болып табылады. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №754 «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» қаулысына сәйкес жүргізілуде.
Мемлекеттік қолдау бағдарламаларын іске асыруға екінші деңгейдегі банктер мен лизингтік компаниялар да қатысады. Ал «Даму» қоры кәсіпкерлерге «Іскер аймақ», «Өрлеу» бағдарламалары, ішкі сауда субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары арқылы көмек көрсетеді. Бұған қоса кәсіпкерлердің несие алу мүмкіндігін арттыру мақсатында қарыздарға ішінара кепілдік беру тетігі де қарастырылған.
Қор қызметінің ерекшелігі – кәсіпкерлерді тек қаржылай қолдаумен шектелмеуі. Бизнес өкілдерінің білімін жетілдіру, қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету және кәсіпкерлік дағдыларын арттыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – «Іскер аймақ» өңірлік бағдарламасы аясында ұйымдастырылатын тегін онлайн оқыту курстары. Оған кәсібін енді бастаған азаматтар да, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер де қатыса алады. Оқу барысында бизнес ашу және жүргізу, қаржылық жоспарлау, маркетинг, салық салу, бизнес-жобаларды әзірлеу, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын алу тәртібі жөнінде қажетті ақпарат беріледі. Мұндай оқыту кәсіпкерлердің өз ісін сауатты жоспарлап, қаржысын тиімді басқаруына және бизнестің тұрақты дамуына мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдауды кәсіпкерлерге барынша жақындату мақсатында облыста мобильді фронт-офистің жұмысы да ұйымдастырылған. Филиал мамандары аудан-ауданды аралап, жергілікті кәсіпкерлермен кездесулер өткізіп, мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларға қатысу шарттарын түсіндіреді. Сонымен бірге қажетті құжаттарды әзірлеуге практикалық көмек көрсетіп, кәсіпкердің өз жобасын жүзеге асыруына қажетті кеңес береді.
Мобильді топтардың жұмысы әсіресе ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардағы кәсіпкерлер үшін маңызды. Себебі шалғай жерлерде жұмыс істейтін бизнес өкілдері облыс орталығына арнайы келмей-ақ, қажетті ақпарат пен консультацияны жергілікті жерде ала алады. Жоба аясында қор мамандары жергілікті атқарушы органдардың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және екінші деңгейдегі банктердің өкілдерімен бірлесіп моноқалаларға, аудан орталықтарына және ауылдық елді мекендерге шығады. Мұндай жұмыстың негізгі мақсаты – кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шаралары туралы өзекті ақпаратпен қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар өтінімдерді жергілікті жерде қабылдап, құжаттарды рәсімдеуге қолдау көрсету. Бұл кәсіпкерлердің уақытын үнемдеп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндігін арттырады.
«Іскер аймақ» өңірлік бағдарламасы аясында жергілікті мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мәселесіне де басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, жергілікті шикізатты өңдеуді дамыту, жаңа өндірістерді іске қосу және өңірдің экономикалық әлеуетін нақты өндірістік қуатқа айналдыру көзделген. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті өндірісті дамытуға және ауылдық аумақтардың экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етпек.
Брифинг барысында айтылған деректер қор жұмысының өңірдегі нақты нәтижесін де көрсетеді. 2025 жылдан бастап 2026 жылғы 1 маусымға дейін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалы арқылы жалпы кредит сомасы 77,77 миллиард теңгені құрайтын 1006 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілген. Бұл – өңір кәсіпкерлерінің мемлекеттік қолдау құралдарына деген сұранысының жоғары екенін көрсететін маңызды көрсеткіш. Қаржыландыру, кепілдік беру, оқыту және консультациялық сүйемелдеу секілді қолдау тетіктерінің қатар жүзеге асуы кәсіпкерлік субъектілерінің жаңа жобаларды қолға алып, жұмыс орындарын көбейтуіне және өндіріс көлемін арттыруына мүмкіндік беріп отыр.
Жалпы, кәсіпкерлікке жасалған жағдай – экономикалық өсімнің ғана емес, халықтың әл-ауқатын арттырудың да маңызды факторы. Осы тұрғыдан алғанда, «Даму» қорының мемлекеттік қолдау шараларын өңір кәсіпкерлеріне қолжетімді ету бағытындағы жұмысы алдағы уақытта да өз маңызын жоғалтпайды.