Ақын мұрасы – ұлт қазынасы

0 10

Ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Тараз қаласындағы еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Айтулы салтанатты іс-шара қазақ әдебиеті классигінің 181 жылдығына арналды. Бұл күні еңселі ақын ескерткіш алаңына өңірдің түрлі буын өкілдері жиналды. Олардың қатарында ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен депутаттар, педагогтер мен мәдениет саласының өкілдері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен жырсүйер жастар көп болды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Абай – кейінгі толқын ақындар мен жазушыларды, суретшілер мен ғалымдарды шығармашылыққа шабыттандырған ұлтымыздың біртуар тұлғасы. Ұлы ойшылдың рухани мұрасы – бүгін мен өткенді жалғайтын алтын көпір. Есімі әлемге мәшһүр, ұлы ойшылдың құнды еңбектері ондаған шет тіліне аударылған. Абай Құнанбайұлына арнап көптеген мемлекеттерде ескерткіштер қойылған. Ал елімізде ақын есімімен аталатын 1 облыс, 1 қала, 3 аудан және 28 елді мекен бар. Бұдан бөлек, ақын есімімен 1441 көше, 12 даңғыл, 99 мектеп, 4 колледж және 1 театр аталса, біздің облыста 1 ауылдық округ, 2 елді мекен, 104 көше, 13 мектеп пен бір кітапхана Абай есімімен аталады. Сондай-ақ ақынға арнап облыста 4 ескерткіш қойылыпты.

Мемлекет басшысының бастамасымен аталып өтетін «Абай күні» еліміздің әр өңірінде Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған мәдени және ғылыми іс-шаралар ұйымдастырылады. Жылдан жылға бұл іс-шаралардың арнасы кеңейіп келеді. Бір сөзбен айтқанда Абайдың даналығын естен шығармай, ақынның шығармаларында айтылатын ақыл-білім, парасат, адамгершілік сынды ізгі қасиеттерге ұмтылу біздің асыл парызымыз.

Осыған орай облыста әдеби танымдық және мәдени көпшілік іс-шаралар өткізілуде. Мәселен, қала мен аудандарда 6 тамыздан бері мектеп оқушылары мен кітап сүйер оқырманның қатысуымен аудандық және мектеп кітапханаларында, мәдениет үйлерінде кітап көрмелері жабдықталып, мәнерлеп оқу, ой-талқы сағаты, поэзия кеші, интеллектуалдық ойын-квест, әдеби сазды кеш байқаулары мен театрландырылған поэзиялық кештер және басқа да іс-шаралар өткізіліп жатыр. Сонымен қатар «Абайдың қара сөздері» тақырыбында челленджі ұйымдастырылған. Айтулы іс-шараларға оқушылар мен жастар көптеп тартылған.

Абай көшесі бойындағы Абайдың ескерткішіне гүл қою рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров қатысып, ұлы ақынның рухына тағзым етті. Гүл қою рәсімінен кейін іс-шараға қатысушылар Абайдың өлеңдерін және шығармаларынан үзінділер оқыды.