Жамбылда жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілер жауапқа тартылды

0 43

Жамбыл облысы полиция департаменті жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларына жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері жол ережелерін өрескел бұзудың бірнеше дерегін анықтады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Жолаушылар өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігін қатерге тігіп, қозғалыстағы автокөліктердің терезесінен денелерін сыртқа шығарған. Оқиғалардың бірінде мобилограф қатар келе жатқан автокөлікті бейнекамераға түсіру үшін көліктің терезесінен беліне дейін шығып тұрған.

Полиция дер кезінде қауіпті әрекеттерді тоқтатты. Көлік жүргізушілері жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Полиция әлеуметтік желілерде әсерлі бейне түсіруге немесе көп қаралым жинауға деген ұмтылыс адам өмірі мен денсаулығына төнетін қауіпті ақтай алмайтынын ескертеді. Бір ғана абайсыз әрекет ауыр зардаптарға әкеліп, жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін.