Алдағы үш күнде ауа райы қандай болады?
9-11 маусым аралығында Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Бұл туралы «Қазгидромет» мәлімдеді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Синоптиктердің болжамынша, батыс циклонның салдарынан елімізде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей өңірлерде жел күшейіп, дауыл тұрып, бұршақ жаууы мүмкін.
9-11 маусым күндері елдің солтүстік-батысы мен солтүстігінде, ал 11 маусымда оңтүстік-шығысында қатты жауын-шашын күтіледі.
Ауа температурасы өңірлер бойынша әртүрлі болады. Батыста күндіз +27…+35 градусқа дейін жылынса, солтүстікте +17…+28 градусқа дейін төмендеп, аптап ыстықтың беті қайтады.
Солтүстік-шығыс пен орталық өңірлерде ауа температурасы +25…+33 градус шамасында сақталады. Ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыста +27…+35 градусқа дейін жылынады. Шығыста аптап ыстық сақталып, сынап бағаны +32…+39 градусқа дейін көтеріледі.