Газеттің әр нөмірі тарих

0 7

Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Қазақ газеттерінің» ұжымы облыстағы оқырмандарымен кездесті, – деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Кездесуге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ардагер журналистер мен өңірлік газет-журналдардың бас редакторлары, кітапханашылар мен студенттер қатысты. Қазақ басылымдарын насихаттау, таныстыру мақсатында оқырмандармен болған жылы жүздесуді облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман ашып, «Қазақ газеті» өкілдерімен таныстырып өтті.

Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиал жетекшісі, ардагер журналист Жаңабай Миллионов өз сөзінде газет-журналдардың бүгінгі жағдайына тоқталды. «Мәселе газетте жетеді. Бүгінгі күні газетке қара бұлт шүйіліп тұр. «Қазақ газеттерінде» бар мұң, проблема бізде де бар. Біріншіден газет халыққа уақтылы жетпейді. Мұнда «Қазпоштаның» жұмысының дұрыс құрылмағандығының салдары себеп болуда. Тағы бір айтқым келгені, басылымдарға жүктелген мемлекеттік тапсырыстың тақырыбы, бағыттары өзгертілсе. Жалпы басылым бетіндегі ресми ақпаратты азайтып, оқырманды қызықтыратын дүниеге қарай бағыттаса дұрыс болар еді», – деді ол.

Ардагер журналдың ойын «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары, Алматы басылымдарының жетекшісі Бағашар Тұрсынбайұлы толықтыра түсті. «Ағамыз айтқандай «Қазпошта» АҚ бүгінде басылымның негізгі мәселесі болып отыр. Өйткені газет-журнал таратуда көп мәселе туындауда» дей келіп, «Қазақ газеттері» ЖШС-ың жұмыс барысымен таныстырды.

Балалардың жүрегіне жол тапқан, 68 жылдық тарихы бар «Балдырған» журналының бас редакторы Ерғали Бақаш балаларға арналған «Ақ желкен», «Ұлан» және «Балдырған» газет-журналдарын оқып өскен бала кейін ілгері газеттерді жазып оқитын болады» деген ой айтып, оқырманды алдағы баспасөз жазылымына үлес қосуға шақырды.

 «Ақиқат» журналының бас редакторы Дәуіржан Төлебаев бүгінгі кездесудің мақсаты оқырманмен кездесу, басылым үшін жаңа авторлар тарту және өз жұмыс барысымен таныстыру екенін айтты. «Өкінішке орай билік тарапынан үнемдеу саясаты сөз болса, оның бір ұшы баспасөзге тиеді. Бұрын бізде 17 адам жұмыс істесе, қазір 4-ақ адам қалды. Жалпы биліктің басылымға деген көзқарасы өзгеру керек. Қалай дегенмен ел ішіндегі идеология тек баспасөз арқылы ғана жүзеге асырылады», – деп атап өтті ол. «Дружные ребята» газетінің бас редакторы Ольга Рыбкина «Газеттің әр нөмірі тарих. Ендеше оның тарихын бірге жасайық» деген жақсы ой айтты. Ал «Ақ желкен» журналының бас редакторы Балжан Шылғаубай мен «Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармаханова газет оқитын балалар ертеңгі үлкен газет оқырманы екенін атап өтті.

Жиын барысында ардагер журналист Амангелді Әбіл «Болашақта газетті кім шығарады?» деген сауалды ортаға тастаса, республикалық «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай балалар басылымы мектептермен тығыз байланыста жұмыс істеу керектігін айтты. Ал облыстық жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков газет оқыған баланың көзқарасы мен танымы өзгеретінін сөз ете келіп, балалар басылымына қолдау керек екенін жеткізді.

Жиында айтылған, көтерілген мәселелер бойынша журналистер өзара ой бөлісіп, пікір алмасты. Газет оқырманымен болған әсерлі кешті облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман қорытындылады.