Жамбыл облысы даму қарқынын үдетті
Жамбыл облысында 2025 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде өңірдің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері жан-жақты талқыланды. Басқосуға Тараз қаласы мен аудан әкімдері, салалық басқарма басшылары, аумақтық департаменттер және құқық қорғау органдарының жетекшілері қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Жыл қорытындысы бойынша облыстың экономикалық өсімі 8,9 пайызды құрап, оң динамика сақталғаны белгілі болды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 15,6 пайызға өссе, құрылыс саласында 14,4 пайыздық, байланыс қызметтерінде 10,1 пайыздық өсім тіркелді. Көлік саласы 3,1 пайызға, ауылшаруашылығы 2,1 пайызға артты. Сауда айналымындағы өсім 0,5 пайызды құрады.
Өнеркәсіп саласында 1,3 триллион теңгенің өнімі өндіріліп, Жамбыл облысы республика өңірлері арасында төртінші орынға шықты. Ал, өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі 834,6 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 12,8 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш облысты ел көлемінде үздік бестікке енгізді.
Ауылшаруашылығы саласында 514,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өсімдік шаруашылығы 2,2 пайызға, мал шаруашылығы 1,9 пайызға ұлғайды. Сонымен қатар, тірі салмақтағы ет өндірісі 2,6 пайызға, сүт өндірісі 1,6 пайызға артқан.
Өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 764,5 миллиард теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 38,8 пайызға өсті. Осы нәтижемен Жамбыл облысы республика көлемінде үшінші орыннан көрінді. Құрылыс саласында 392,8 миллиард теңгенің жұмыстары атқарылып, жыл ішінде 768,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 1050 пәтерлі 20 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталса, жеке инвесторлар есебінен тағы 39 тұрғын үй (1056 пәтер) ел игілігіне берілді. Әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін 1425 пәтер сатып алынды.
Сауда айналымы 1067,1 миллиард теңгені құраса, көрсетілген көлік қызметтерінің көлемі 627,1 миллиард теңгеге жетті.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева өңір экономикасында жалпы оң үрдіс қалыптасқанын атап өтті. Алайда, Жуалы, Мойынқұм, Т. Рысқұлов және Қордай аудандарында өнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, ауылшаруашылығы, инвестиция, құрылыс және тұрғын үй көрсеткіштері төмен деңгейде қалып отырғанын айтты.
Мәжіліс барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы айқындап берген стратегиялық мақсаттарға тоқталып, алдағы кезеңде жауапты әрі жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін баса айтты.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде өзгерістердің жаңа кезеңі басталғанын нақты атап өтті. Біздің басты міндетіміз – өңір экономикасын әртараптандырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың тұрмыс сапасын арттыру, – деді облыс басшысы.
Әкім ауылшаруашылығы саласындағы түйткілдерге де арнайы тоқталды. Су тапшылығы мен егіс алқаптарын тиімді пайдалану мәселесін тек табиғи жағдаймен байланыстыруға болмайтынын айтып, жауапты тұлғаларға қатаң талап қойды.
– Су үнемдеу технологияларын енгізу, егіс көлемін оңтайландыру бойынша нақты жұмыс жүргізілуі тиіс. Міндеттерді орындай алмасаңыздар, орындарыңызды босатыңыздар, – деді Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ бюджет қаржысының тиімді жұмсалуы тұрақты бақылауда болуға тиіс екені ескертілді. Мәжіліс қорытындысы бойынша белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізбегені үшін Мойынқұм, Т. Рысқұлов және Қордай аудандары әкімдері мен салалық орынбасарларына тәртіптік шара қолдану тапсырылды.
– 2026 жылға жоспарланған барлық көрсеткіштер толық орындалуы тиіс. Жұмысты ширатып, нақты нәтиже көрсетуді талап етемін, – деп түйіндеді облыс әкімі.