Президент: Әлеуметтік салаға бөлінген қаржыны жымқыратын алаяқтар аз емес
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді. Президент өз сөзінде әлеуметтік салаға бөлінген триллиондаған теңге қаржыны жымқыратын алаяқтардың азаймай тұрғанын атап өтті, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
«Біз елімізді дамытуға арналған қаражатты тиімді жұмсаудың амалын іздеп қиналамыз. Бірақ соған қарамастан әлеуметтік салаға бөлінген триллиондаған теңге қаржыны жымқыратын алаяқтар бар, тіпті, аз емес деп айтуға болады. Бұл – мүлде ақылға сыймайтын жағдай. Мұндай кеселді түп-тамырымен жою керек. Қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары да азаймай тұр, ондай заңсыздыққа тосқауыл қою қажет. Мұндай теріс ахуал экономикаға орасан зор зардабын тигізіп жатыр. Түптеп келгенде, көлеңкелі экономикамен үзілді-кесілді күресу керек. Бұл да – өте өзекті, аса маңызды міндет. Қаржылық мониторинг қызметінің алдында тұрған міндет белгілі: бұл – мемлекет қаржысының тек қана ел игілігіне жұмсалуын қадағалау. Осы маңызды міндеттің сапалы іске асуы сіздердің қызметтеріңізге тікелей байланысты», деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет агенттік қызметкерлерінің тиімді әрі алаңсыз жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасап жатқанын жеткізді.
«Кадрлық құрам ұлғайып, нығая түсті, материалдық-техникалық қор жақсарды. Жалақы көтерілді, баспана берілді, жалпы, көптеген әлеуметтік мәселе шешімін тапты. Керек болса, агенттік жүйесіне үш генерал шенін қосуға болады деп ойлаймын. Бұл шешім облыстарда жұмыс істеп жүрген нағыз үздік қызметкерлердің мәртебесін көтеруге мүмкіндік береді. Енді тек білек сыбана жұмыс істеу керек», деді Президент.
Мемлекет басшысы саладағы жетістіктерге де тоқталды.
«Халықаралық ынтымақтастық нығайып келеді. Еліміз Financial Action Task Force ұйымының тексерісінен сәтті өтті. Қазақстан 2023 жылдан бері «Эгмонт» тобының қаржылық барлау бірлестігінде Еуразия аймағының мүддесін қорғайды. 20 ірі криптобиржамен сындарлы серіктестік орнатылды. Елімізде блокчейн-талдаумен айналысатын «Криптон» арнайы құрылымдық бөлімшесі ашылды. Бұл – Орталық Азия елдерінде құрылған осындай алғашқы бөлімше. Былтыр қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын 200-ге жуық жалған компания әшкереленді. Олардың заңсыз айналымдағы қаражаты 500 миллиард теңгеден асады. Сексеннен астам қылмыстық топ құрықталды. 100-ден астам қаржы пирамидасы жойылды. Мұның бәрі еліміздің экономикалық қауіпсіздігін нығайта түскені сөзсіз», деді Президент.