Жамбыл облысында гимназияның жас сақшылары ант қабылдады

0 12

Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 гимназияда Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың құрметіне арналған «Жас сақшы» полиция сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Маңызды іс-шара жас ұрпақты отансүйгіштікке, заңға құрметпен қарауға тәрбиелеуді мақсат етті, жеп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Салтанатты жиынға Жамбыл облысы Полиция департаменті Жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарма бастығының міндетін атқарушы Ғалым Оразбеков пен Тараз қаласы Полиция басқармасы ювеналдық полиция тобының бастығы Шакизат Юсупова қатысып, жаңа сыныптың лентасын қиды. Қонақтар оқушыларды айтулы бастамамен құттықтап, жас сақшыларға сәттілік тіледі.

Іс-шара барысында «Жас сақшы» полиция сыныбының оқушылары салтанатты түрде ант қабылдап, оларға арнайы куәліктер табысталды. Сонымен қатар, жас сақшыларға естелік сыйлықтар ұсынылды. Бұл – оқушылардың жауапкершілігін арттырып, құқық қорғау саласына деген қызығушылығын нығайтатын маңызды қадам.

Жиында сөз сөйлеген Ғалым Оразбеков:

– «Жас сақшы» сыныбының ашылуы – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және патриоттық тәрбие беруге бағытталған маңызды бастама. Балалардың полиция қызметінің мәнін түсініп, өз құқықтары мен міндеттерін білуі – болашақ қауіпсіздігінің кепілі. Осындай жобалар арқылы елге адал қызмет ететін саналы азаматтарды тәрбиелейміз, – деп атап өтті.

Іс-шара соңында қонақтар жас сақшылармен еркін форматта әңгімелесіп, алдағы оқу жылына табыс, білім мен тәртіп жолында биік белестер тіледі.