Жамбыл облысының оқу орындарында робот-полицейлер іске қосылды
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай Жамбыл облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған заманауи роботтандырылған технологиялардың мүмкіндіктері көпшілікке көрсетілді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Жоба Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің базасында жүзеге асырылып, оқу орны аумағындағы тәртіп пен студенттердің қауіпсіздігін бақылауға арналған цифрлық шешімдер тәжірибеде қолданылды. Роботтандырылған жүйелер білім беру мекемесіндегі ахуалды үздіксіз қадағалап, ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алуға бағытталған.
Арнайы роботтар бейнебақылау жүргізіп, жағдайды нақты уақыт режимінде бақылау арқылы ақпаратты жедел қызметтерге жедел түрде жеткізеді. Бұл өз кезегінде құқық бұзушылықтардың алдын алып, төтенше жағдайлар қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.
Жоба аясында жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін «Studica» оқу роботтары, сондай-ақ баспалдақпен көтеріліп, кедір-бұдыр жерлерде еркін қозғалуға қабілетті «Unitree» робот-иті таныстырылды. Аталған роботтар қауіпсіздік саласында ғана емес, білім беру мен тәжірибелік оқытуда да кеңінен қолдануға болатындығын көрсетті.
Мамандардың айтуынша, мұндай цифрлық шешімдерді енгізу өңірдегі қауіпсіздік деңгейін арттырып қана қоймай, жастардың заманауи технологияларға қызығушылығын оятып, болашақ ІТ-мамандарды даярлауға жол ашады.