Мал бағу үшін де бап керек
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Жамбыл ауданында мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге баса көңіл бөлініп келеді. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, ауданда ауылшаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 50 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде ауданда ет, сүт және жұмыртқа өндірісі жақсы дамып келеді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ауылшаруашылығы саласында ауыл және мал шаруашылығы өнім өндірісін жолға қоюды тапсырған болатын. Бұл талаптың үдесінен бүгінгі таңда Жамбыл ауданының шаруалары шығып отыр. Бүгінгі күні Жамбыл ауданында жалпы құны 4,7 миллиард теңгені құрайтын екі тауарлы сүт фермасының құрылыс жұмыстары жүзеге асырылуда. Оның бірі Өрнек, екіншісі Көлқайнар ауылдық округтерінде инвесторлардың күшімен атқарылуда. Бұл жобалар жүзеге асырылған сәтте 50 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, оның 30-ы тұрақты жұмыс орындары болмақ. Осы ретте Өрнек пен Көлқайнар ауылдық округтеріндегі тауарлы сүт фермаларының құрылыс жұмыстарымен арнайы барып таныстым. Әзірге біреуінің құрылыс жұмысы уақытша тоқтап тұр. Ал, бұл фермалар іске қосылған сәтте сауын сиырлар қатары 1012 басқа көбейіп, сүт өндірісі артады деген сенімдемін, – дейді аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы
Бұл жобалардың өңір экономикасына өз септігін тигізері анық. Дегенмен, бүгінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, табиғаты мал шаруашылығына қолайлы өңірде ауылшаруашылығы саласы жыл санап алға озып келеді. Осы орайда, суармалы алқаптардың аумағын арттыру, заманауи ауылшаруашылығы техникаларын сатып алу, асыл тұқымды мал санын арттыру, ақылды фермалар мен цифрландырылған өндіріс орындарын ашуға күш жұмсалуда.
– Халқымызда «Мал – баққанға бітеді» деген жақсы сөз бар. Шындап келгенде малдың жайын табу, көктемде көктеуге, жазда жайлауға, күзде күзеуге, қыста қыстауға көшіріп, бабын жасау қиынның қиыны. Өйтпесең, бір орында, ай тақырда тұрып мал қоң жинамайды. Малға да бап керек. Бабын тапсаң ғана табыс болады. Қазір аудан шаруашылықтары малды қыстауларда ұстап, жайлы қыстатуда. Ал, тауарлы сүт және ет бағытында жұмыс істейтін фермаларда да жұмыс қалыпты. Мәселен, Өрнек ауылында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан «Момбеков» шаруа қожалығының тауарлы сүт фермасының жобалық құны 2,9 миллиард теңгені құрайды. Ал, Көлқайнар ауылдық округінде «AzNur Agro» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі салып жатқан жобаның құны – 1,35 миллиард теңге. Бұл нысандарды биыл пайдалануға беру жоспарлануда, – дейді аудан басшысы.
Өрнек ауылындағы тауарлы сүт фермасының сыйымдылығы 621 басқа арналған. «Момбеков» шаруа қожалығының жетекшісі Күлпаршын Сатибаеваның айтуынша, бүгінгі күні ферма құрылысының жұмысы уақытша тоқтап тұр.
Ал, Көлқайнар ауылдық округінде «AzNur Agro» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салкда. Кооператив төрағасы Азат Сатановтың айтуынша, нысанның құрылыс жұмыстарын «Тұлпар Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде.
– Бүгінгі күні еліміздегі шағын және орта кәсіпті дамытуға барынша қолдау көрсетіп отыр. Сол қолдауды өзіміз де сезініп, кәсібімізді дөңгелетіп келеміз. Біздің ұстанған жолымыз – ата-бабадан жалғасып келе жатқан мал шаруашылығы. Бұл елімізде қабылданған «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында мүмкін болуда. Бүгінде мал басын көбейтіп, ет және сүт бағытында жұмыс істеуді мақсат етіп, ниеттеніп отырмыз, – дейді ол.