Асыл тұқымды қой өсіруде

0 5

Ауыл – халқымыздың тамыры, рухани қазығы. Бұрын солай болған, болашақта да солай болып қала бермек. Түптеп келгенде, ауылшаруашылығын дамыту мәселесіне жалпы ауыл-аймақтарды, яғни бүкіл елді дамыту деп қараған жөн, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында егіс алқаптары мен ағын су, мал шаруашылығын дамыту мәселесіне ерекше мән берген болатын. «Жалпы қарайтын болса, бүгінде ауылшаруашылығына бөлінген дұрыс көзқарастың арқасында елімізде еңбек өнімділігі соңғы үш жылда 37,3 пайызға артқан. Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингі бойынша (Global Food Security Index) 32-ші орында тұр. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ, бұл мәз болып, қол қусырып отыруға болады деген сөз емес. Себебі, ашығын айтуымыз керек, біз ауылшаруашылығының орасан зор әлеуетін әлі де толық қолданбай отырмыз. Еліміз жайылымдық жер аумағы бойынша әлемде 6-шы орын алады. Ал, егіс алқабы бойынша 8-ші орында тұр. Демек, қолымызда қажетті ресурс бар, тек соны тиімді пайдалануымыз қажет», – дейді Президентіміз.

Президент айтқанында соңғы он жылда ауылшаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен астам өсіп, яғни 3,3 триллион теңгеден 8,3 триллион теңгеге дейін көбейген. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы 2 есе арттыру жоспарлануда. Қалай десек те еліміздің, Президентіміздің Ұлттық даму жоспары бар, мақсат-міндеттеріміз де – айқын. Бізге керегі – сапалы жұмыс пен нақты нәтиже.

Бүгінгі күні ауылда өз шаруа қожалығын ашып, егін және мал шаруашылығымен айналысып жүрген іскер жандар көп. Соның бірі – Мәдімар ауылының тұрғыны Рахымбек Кәрібаев. Ол еңбекке ерте араласты. Техника тілін ағасы Рысбектің қасында жүріп меңгергенде Рахымбек мектептің 8-сыныбында оқитын екен. Сөйтіп, бала жастан трактор жүргізіп, комбайн рөліне отырып, егін орағына да араласыпты.

– Мектепті бітіргеннен кейін 5 жыл Оңтүстік әскери қолбасшылығында жүргізуші болып жұмыс істедім. Қызмет істеп жүргенде аңсарым ауылға ауды да тұрды. Бір жағы ауылда мал және егін шаруашылығымен айналысқым келген болатын. Бұл ұсынысымды үйдегілерге айтып көріп едім, ағам Рысбек бірден қолдады. Сөйтіп, 2005 жылы ауылда 5 гектар алқапқа арпа, 10 гектарға мақсары сеуіп, алғашқы жылдың өзінде жақсы өнім жинай алдық. Міне, осылайша басталған кәсібім уақыт өте ұлғайып келеді, – дейді Рахымбек.

Осыдан 20 жыл бұрын құрылған «Рахымбек» шаруа қожалығы бүгінде мал және егін шаруашылығымен қатар айналысуда. Қожалықта үш жүзден аса асыл тұқымды, жүзден аса аралас қой өсірілуде. Мал қыс айларынан қысылмай шығу үшін қыстау басында 8 мың тонна табиғи шөп, 5 тонна арпа жемін дайындаған. Бүгінгі таңда мал жайлы қыстатылуда. Ендігі кезекте шаруа мал төлдету науханына дайындықты бастап кеткен. Бұл шаруаны Жантас Кемелов талапқа сай атқаруда. Оның  мал бағуда мол тәжірибе бар. Ол қасындағы жас малшыларға ақыл-кеңесін айтып, олардың жұмыстарын қадағалауда.

– Біз төрт-бес жыл бұрын тоқтыларды бордақылап, Меркі ет комбинатына өткізетінбіз. Ал, қазір қойларымыздың басым бөлігі асыл тұқымды болғандықтан басқа төлдерді де асылдандыруды ойластырып отырмыз. Жем-шөпті өзіміз дайындадық. Бес трактор, екі комбайн, үш дән сепкіштен бөлек, мал және егін саласына қажетті техникамыз бар, –  ол.

Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары жас ауылдағы майда шаруашылықтарды біріктіріп, «К-Байден» ауылшаруашылығы кооперативін құрып, оны байыпты басқарып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ол Қазақстан Фермерлер Одағының «Үздік фермер» төсбелгісімен марапатталды.

–  Кооперативтің еншісінде 2010 гектар алқап бар. Оның 240 гектарын суармалы алқап құраса, 20 гектарына жоңышқа орналастырылған. 120 гектарға күздік бидай себілген. Өткен жылы шаруа үшін жаман болған жоқ. Жоңышқалықтан өзімізге қажетті мал азық қорын жинақтай алдық. Ал, 45 гектар арпа мен 300 гектар мақсарының әр гектарынан 10 центнерден өнім жинадық. Мақсарыдан алынған өнім облыс көлемінде ең жоғарғы көрсеткіш болды. Оған жаңбырдың көп жаууы сеп болғанын айтсақ болады. Бұдан бөлек, ауыл маңайындағы 10 шағын көлдің де ыза суын пайдаланушы едік. Өкінішке орай, аталған көлдер екі-үш жылдан бері табаны құрғап, суы тартылып қалды. Сол көлдерді бір толтырып алсақ, өнім биыл өткен жылғыдан да мол болар еді, – дейді Рахымбек.

Кәсіпкер соңғы жылдары ауылда механизаторлардың  жетіспейтінін де айтып қалды. Бір-екі жыл бұрын ауылшаруашылығы тахникаларын Өзбекстаннан келген жалдамалы жұмысшылар жүргізіпті. Қожалықтың еңбегі аудан, облыс тарапынан уақытылы бағалануда. Атап айтсақ, алдыңғы жылы «Рақымбек» шаруа қожалығы егін саласы бойынша жылдың қорытындысында екінші орынды иеленіп, арнайы грамотамен және бағалы сыйлықтармен марапатталыпты.

Шаруа қожалық қойма мәселесін де өз бетінше шешіп отыр. Бұған дейін арпа-бидай дәнін өзгелердің қоймасында сақтап келген Рахымбек 1500 тонналық астық қоймасын салса, енді оның көлемін тағы 1000 тоннаға ұлғайтты. Осылайша ол қоймаларда өз астығы мен мақсарысын, тұқымын сақтап отырған жайы бар. Қожалық бүгінде 5 адамды тұрақты, ал, науқан кездерінде 20 адамды маусымдық жұмыспен қамтиды.