Мал азығының берік қоры әзірленген

0 8

Ауылшаруашылығы саласында өзіндік орны бар, егіс және мал шаруашылығымен қатар айналысып жүрген қожалықтың бірі – Жуалы ауданындағы Қызыларық ауылдық округіндегі «Дархан» шаруа қожалығы. Қожалық жетекшісі Дәулет Үсенбаевтың айтуынша, шаруа қожалықты 2001 жылы құрылған, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

– Мал бағып, шаруашылықпен айналысамын деген адамға мемлекет тарапынан қолдау көп. біз шаруамызды бастапқыда 300-400 гектар алқапқа ақ егіс пен картоп орналастырудан бастадық. Мемлекеттің қаржылай қолдауына сүйене отырып, ісімізді дер кезінде дұрыс бағытқа бұрып, ұйымдастыра білдік. Соның нәтижесінде шаруамыз оңалып, даму жолына түсе бастады, – дейді қожалық жетекшісі.

Қожалық өндірісті әртараптандыру мақсатында 2009 жылы алма өсіруге бетбұрыс жасады. Қожалықтың ауыл іргесінде азын-аулақ алма бағы бар. Алайда, одан ойдағыдай өнім алынбайтын. Міне, қарқынды алма бақ арқылы өнімді екі есеге дейін арттыруға болатынына көз жеткізген Дәулет Өмірбайұлы мемлекеттің қолдауымен ағын суы мол тұстан жаңа алма бағының орнын белгілеп, 60 гектарға алма көшеттерін отырғызды.

– Негізінен, алма бау толық табысына төртінші жылы кіреді. Одан әрі жылдан-жылға климатқа орай көбейе береді. Қазір алманың бес түрін өсірудеміз. Барлығы бәсекеге қабілетті сұрыптар, – дейді ол.

Сондай-ақ қожалық 2012 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен сүт бағытында – 70, ет бағытында – 28 бас мүйізді ірі қара алыпты. Мал шаруашылығын қолға алуымен қатар, шабындық және жайылымдық жерге деген қажеттілік туындаған. Содан бері малдың қоңдылығын, өсімталдығын арттыру үшін суғармалы шабындықтарда жоңышқа, көпжылдық шөп, дәндік жүгері өсіру дұрыс жолға қойылған.

Бүгінде қожалықта мүйізді ірі қараның басы едәуір көбейген. Оның басым бөлігін ет бағытындағы табын құрайды. Бордақыланған мал аудан орталығындағы және Тараз қаласындағы мал базарларында өткеріледі. Сүт бағытындағы 30-40 бас сиырдан сауылған сүт жергілікті өндіріс ошақтарына өткізілуде.

Сапалы тұқым мол өнімнің кепілі екенін жақсы түсінетін қожалық басшысы бұрнағы жылдары Алматыдағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтынан бидайдың супер элиталық «Стекловидный-24» тұқымын әкеліп сепкен. Сапалы бидай тұқымы гектарынан 30 центнерге дейін өнім алуға мүмкіндік беріп, қожалық аймақтағы шаруашылықтарды элиталық тұқыммен қамтамасыз етуде. Мезгіл өте, ескі техниканы жаңарту қажеттігі де туындады. Астық жинауға және шөп оруға  қажетті техникалар да алынып, шаруашылықта пайдаланылып келеді.

Шаруа қожалығының өз жайылымы, шөп шабындығы мен егістігі бар, соның арқасында малды өз жем-шөбімен қамтыйды. Мал қыстатуға тыңғылықты дайындалған шаруашылық биыл қыстан қысылмай шығамыз деп отыр.

Шаруашылықта көңілге қонымды жағдайдың бірі еңбек адамын әлеуметтік, тұрмыстық жағынан көтермелей білу жақсы үрдіске айналған. Бұл тұрғыда науқандық жұмысқа тартылғандар күнделікті табысын нақты ақшалай әрі өнім түрінде алып тұрса, тұрақты жұмыстағы еңбек адамдарының айлық жалақысы да тиісті беріліп келеді. Ынталандыру мақсатында жұмысшыларға қысқы соғымға мал беру жағы да қарастырылған. Кей жылдары қыс ұзап кетіп, мал азықтан тарыққан жағдайда, қарамағындағыларға жем-шөппен көмек беру жағы да бар.