Қазақстанда мерзімді әскери қызметшілерге несие алуға тыйым салынады
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тиісті қаулы жобасын жариялады. Бұл туралы «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі хабарлады.
Құжатта Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен кредиттік бюролар арасында мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер туралы мәліметтер алмасу тәртібі айқындалған. Аталған мәліметтер қарыз бойынша төлемдерді кейінге қалдыру үшін, сондай-ақ жеке тұлғаның кредиттік есебінде оның мерзімді әскери қызмет өткергені немесе қызметтен босатылғаны туралы ақпаратты көрсету мақсатында пайдаланылады.
Сонымен қатар, қаулы жобасында банктер мен микроқаржы ұйымдары кредит алуға өтініш берген шақыру жасындағы азаматтың мәртебесін оның кредиттік есебі арқылы тексеруге міндетті екені көзделген. Егер өтініш берушінің мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқаны туралы мәлімет анықталса, қаржы ұйымдары несие беруден бас тартуға тиіс.
Қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 3 ақпанға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылды.