Таразда «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды
Облысымызда қазіргі таңда 142 мыңнан астам зейнеткер бар. Оның 57 мыңнан астамы облыс орталығында тұрады. Тәуелсіздік күні қарсаңында Тараз қаласында осы зейнеткерлерге арналған заманауи керемет «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды. Әлеуметтік маңызы бар жоба облыс әкімдігінің қолдауымен, «Samruk-Kazyna Trust» қоры мен демеушілердің қаржысы есебінен іске қосылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Заманауи нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев орталықтың аға буын өкілдерінің денсаулығын нығайтып, олардың күндерін шаттыққа бөлеп, өмірін белсенді әрі мазмұнды етуге қызмет ететініне сенім білдірді.
– Нысанның ашылуына қолдау көрсеткен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның ізгі бастамасы көпке үлгі. Қоғамның дамуына және әлеуметтік жобаларға бағытталған мұндай қолдау – еліміздегі бірлік пен өзара жанашырлықтың айқын көрінісі. Осы игі іске атсалысқан қор басшылығы мен барша қызметкерлеріне шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Мұнда барлығы 26 қызмет түрі ұсынылады. Дәрігер мен психолог кабинеттері, физиотерапия және массаж бөлмелері, тұзды шахта, йога және би залдары жұмыс істейді. Сондай-ақ үстел теннисі мен бильярдқа арналған арнайы залдар қарастырылған. Бұдан бөлек, ардагерлер қолөнермен шұғылданып, компьютер сыныбында ІТ технологиялардың қыр-сырын меңгере алады. 200 адамға қызмет көрсетуге арналған ғимараттың жалпы ауданы – 1 875 шаршы метр.
– Еңселі ғимаратта ардагерлеріміз саламатты өмір салтын ұстанып, жастарға өнеге көрсетіп, бағыт-бағдар беруді жалғастырады. Осындай игі бастамалар үшін алғысымыз шексіз! – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев .
Айта кетейік, бұл – зейнеткерлер тарапынан сұраныстың артуына байланысты Тараз қаласында ашылып отырған екінші орталық. 2023 жылы облыс орталығында 150 орынды «Белсенді ұзақ өмір» орталығы пайдалануға берілген болатын. Кейіннен Меркі ауданында 60 адамға арналған филиалы ашылды. Бүгінгі күнге дейін аталған орталықтарда 2 мыңға жуық зейнеткерге қызмет көрсетілді.