Түркістанда ірі мақта өсіру кешені құрылады

0 6

Үкімет Ауылшаруашылығы министрлігі мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС арасында Түркістан облысында шитті мақтаны өсіру және терең өңдеу бойынша инвестициялар туралы келісім жасауды мақұлдады. Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының ауылшаруашылығы саласын дамыту және озық агротехнологияларды енгізу бойынша қойған тапсырмаларын жүзеге асыруды көздейтін жобаның мақсаты – алқапта мақта өсіруден бастап дайын киім өндіруге дейін өндірістің толық циклін қалыптастыру. Нәтижесінде Отырар ауданы мен Арыс қаласында 60 мың гектар суармалы жер алаңында Орталық Азиядағы ірі мақта өсіру кешенін құру жоспарланып отыр. 1,4 мыңнан астам тұрақты және 300-ден астам уақытша жұмыс орны ашылады.

Инвестор – қытайлық «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd.» компаниясы. Жобаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде 58 миллиард теңгеден астам инвестиция көзделген, шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 200 миллиард теңгеден асады, бұл туралы бұрын Олжас Бектенов пен «Xinjiang Lihua» басшысы Чжан Цихайдың келіссөздері барысында уағдаластықтарға қол жеткізілген болатын.

Бұрын-соңды мұндай ауқымда қолданылмаған технологиялық шешімдерді енгізу көзделіп отыр: тамшылатып суарудың тиімділігі жоғары жүйесі бар 196 сорғы стансасын, 500 шақырымнан астам суару және тарату арналарын, 3 ірі сорғы кешенін және 3 трансформаторлық қосалқы стансаны, тыңайтқыштарды интеграцияланған әдіспен беру жүйесін, сондай-ақ әлемдік жетекші өндірушілердің заманауи ауылшаруашылығы техникасын – жоғары қуатты тракторларды, мақта жинау машиналарын, бүріккіштер және мамандандырылған құрылыс техникасын пайдалану.

Сонымен қатар, кешен аумағында полиэтиленді қайта өңдеу және тамшылатып суаруға арналған құрал мен иілгіш құбырларды шығару бойынша желі құрылады, бұл импортқа тәуелділікті азайтуға және мақта өсіруден бастап иірілген жіп, маталар мен киімдерді шығаруға дейінгі тұйық өндірістік циклды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстанда жыл сайын 70-75 мың тонна мақта талшығы өндіріледі, оның 85%-ы экспортталады.

Жобаны жүзеге асыру ел ішінде терең қайта өңдеу үлесін ұлғайтуға, қосылған құны жоғары дайын тоқыма өнімдерін шығаруды кеңейтуге мүмкіндік береді, бұл тұтастай алғанда отандық тоқыма өнеркәсібінің өндірістік базасын нығайтады, экспорттық әлеуетті арттырады, сондай-ақ шағын және орта бизнесті – логистиканы, техниканы жөндеуді және ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту үшін драйвер болады.

Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметінше, мақта дәстүрлі түрде отандық мақта өсіру орталығы болып саналатын Түркістан облысының егіс алқаптарының 15,9%-ын алып жатыр. Биыл 144,5 мың гектар алқапқа дақыл егілді, оның ішінде 50 мың га – тамшылатып суаруды қолдану арқылы. 2025 жылы орташа өнімділігі 29,6 ц/га болатын 428 мың тонна шитті мақта жиналды – бұл соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұндай жетістікке суды үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу, және ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыруды қамтамасыз етудің нәтижесінде қол жеткізілді.