Аудан экономикасына инвестжобалар серпін беруде

0 8

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Талас ауданының әкімі Жүнісбеков Нұрбол Әбдімәжитұлы баспасөз брифингін өткізіп, 2025 жылдың 10 айында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен таныстырды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Әкімнің айтуынша, биыл Талас ауданында бірқатар салада елеулі өсім бар. Өнеркәсіп көлемі 32 миллиард 500 миллион теңгені құрап, негізгі капиталға салынған инвестициялар 31 миллиард 800 миллион теңгеге жеткен. Сауда айналымы 4 миллиард 700 миллион теңгеге көбейіп, құрылыс саласының көлемі 12 миллиард 100 миллион теңгеге орындалған. Сонымен қатар 22 155 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Аудан басшысы ауылшаруашылығы саласының өңір экономикасындағы рөліне ерекше тоқталды. Ауылшаруашылығы өнімі 18 миллиард 400 миллион теңгені құрап, мал басының саны 443 313 басқа жеткен. «Ауыл – ауданның негізгі тірегі. Біз ауылшаруашылығы өнімінің көлемін көбейтуге, егіс алқаптарын арттыруға және заманауи технологияларды енгізуге басымдық беріп отырмыз», – деді Нұрбол Әбдімәжитұлы. Биыл 12 554 гектар алқапқа дақылдар орналастырылып, қазіргі таңда 26 280 тонна өнім жиналды. Қант қызылшасы бойынша көрсеткіш айтарлықтай жақсы – 5250 тонна өнім алынды. Тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістері 390 гектарға енгізіліп, су үнемдеу бағытындағы жұмыс кеңейтілуде. Сонымен бірге 37 жаңа ауылшаруашылық техникасы сатып алынып, шаруа қожалықтарының материалдық базасы нығайды.

Инвестициялық жобалар да аудан экономикасына серпін беріп отыр. 2023–2025 жылдары жалпы құны 31 миллиард 200 миллион теңгені құрайтын төрт ірі жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 25 миллиард 800 миллион теңгеге цианид натрий өндірісін кеңейту жобасы, «KARATAU CHEMICALS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2 миллиард 880 миллион теңгелік пиросульфат натрий өндірісі, «Asia NST» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 476 миллион 800 мың теңгеге мрамор өндіру жобасы және «Жамбыл Недр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің әк өндіру жобасы бар. «Бұл жобалар ауданның өндірістік әлеуетін арттырумен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», – деді әкім. Алдағы үш жылда құны 204 миллиард 500 миллион теңгеге сегіз ірі жобаны іске асыру жоспарлануда.

Биыл шағын және орта кәсіпкерлік саласы да айтарлықтай дамыған. Қазіргі таңда ауданда 3811 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 2 миллиард 400 миллион теңгені құрайтын 64 жоба қолдау тапқан. «Ауыл аманаты», «Агробизнес», «Кең дала» және «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі кешенді бағдарлама» аясында көптеген ауыл тұрғыны өз кәсібін ашып, өнім өндіруді жолға қойды.

Инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Қаратау қаласында әкімшілік ғимарат құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар 185 пәтерлі үш көпқабатты тұрғын үй сатып алынып, оларды тұрғындар арасында бөлу «Отбасы банк» ұлттық даму институтының тәртібімен жүзеге асырылуда. Аудандағы 23 елді мекеннің 17-сі газбен қамтылған. «Жоспар бойынша 2027 жылға дейін газдандыру деңгейін 100 пайызға жеткіземіз», – деді аудан әкімі. Ауыз су бағытында Қожағаппар, Сейлбек және Қараой ауылдары орталықтандырылған су жүйесіне қосылды.

Жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында биыл 818 миллион 900 мың теңге бөлініп, Қаратау қаласындағы 10 көше мен 13 ауылішілік жолға орташа жөндеу жүргізілді. Панфилов көшесі толық жаңартылды. «Жол сапасын жақсарту – тұрғындар өміріне тікелей әсер ететін маңызды бағыт», – деді әкім.

Әлеуметтік сала бойынша биыл 3392 адам жұмыспен қамтылған. 158 миллион теңге әлеуметтік көмек төленіп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде 44 жас маманға көтерме жәрдемақы, 10 маманға тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие берілген.

Жастар саясаты да назардан тыс қалмаған. Ауданда 14 354 жас бар. Олардың белсенділігі артып келеді. 1102 іс-шара өтіп, 24 966 жас қамтылды. «NEET» санатындағы жастарды анықтау және олармен жұмыс жүргізу бағытында нақты талдау жұмыстары іске асуда.

Қоғамдық тәртіп саласында да оң көрсеткіш бар. Қылмыс деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 21,1 пайызға төмендеген. Ауданда бейнебақылау жүйелері күшейтіліп, қосымша камералар орнатылды.

Брифинг соңында БАҚ өкілдері өз сауалдарын қойып, аудан басшысы барлық сұраққа толық әрі нақты жауап берді. «Басты мақсатымыз – аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыру. Бұл жолда жүйелі жұмыс әрі ашықтық қағидатын ұстанамыз», – деп түйіндеді Нұрбол Әбдімәжитұлы.