Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сөз сөйлеп, әкімнің, ең алдымен халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші екенін еске салды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі «Kazinform» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
«Бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Еліміздегі барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдері осы жерге арнайы шақырылды. Ауыл әкімдерінің басым көпшілігі, яғни 80 пайызы осында. Жалпы, осындай ауқымды құраммен алғаш рет бас қосып отырмыз.
Шын мәнінде, тақырып — өте өзекті. Ауылдың жағдайы — еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры — ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше.
Әкім — ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші. Бұл — өте жауапты жұмыс. Ауыл әкімі ауылдың болмысын, ауылдағы ағайынның өмірін жете түсінетін нағыз іскер маман болуы керек», — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа ғана бірнеше әкімнің сөзін тыңдағанын атап өтіп, айтылған ой-пікірлерді және ұсыныстарды мұқият зерделеп, жұмыс барысында міндетті түрде ескеру қажеттігін жеткізді.